Басты жаңалықтар
Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанаға келген кезін еске алып, басынан өткен қиындықтарды ашық айтты
- автор kyn.kz
- 4 қазан, 2018
- 188
Мұхамедиұлы: Астанаға жаңа келгенде суық бөлмеде жаттым, қалтамда бірде-бір тиын болмады
“Астанаға алғаш 1997 жылдың 17 қазанында келдім. Президент оркестрін басқаруға жұмысқа шақырды. Мен келістім. Астанаға келгенде ақ боран соғып тұрды. Қолымда дипломат, үстімде қап-қара плащь бар. Әуежайдан келейін десем такси бағасы қымбат. Қалтамда ақшам да көп емес. Мені күтіп жатқан ешкім жоқ. Автобустар тоқтап қалған. Сосын жалғыз күтіп отырдым.
Бір кезде мені күтіп алуға бір адам жіберіпті. Ол мені маған арналған бөлмеген әкеліп тастады. Әскерилердің казармасында киімдерін жинайтын склад болады. Сол жерге бір төсек қойыпты. Мені сол бөлмеге апарды. Кешкі тамақ ішу үшін бір бөлмеге бардық. Екі майор мен екі капитан отыр. Солдаттарға арналған кеспе, нан қойып, дастархан жасапты. Солдаттардың ыдысымен тамақтанып алдық.
Солдаттардың матрасы, көрпесі жұп-жұқа, бөлме деген суық. Тоңғанымнан көрпенің сыртынан ілініп тұрған шинельдерді жауып ұйықтайтынмын. Жуынатын бөлмеміз де болған жоқ. Солдаттар шелекпен су құйып тұратын еді. Бірақ бұл жайлы әйеліме айтқан жоқпын. Жақсы күтіп жатыр дедім. Ер азаматпыз. Өз еркіммен жұмыс істеуге келдім. Оның несіне ренжимін. Сондай күндерді бастан өткіздік”, – деді министр.