Басты жаңалықтар
Бозымбаев Шерхан Мұртаза жайлы естелігін айтып халықты жылатты
- автор kyn.kz
- 10 қазан, 2018
- 252
Бозымбаев: Шерхан Мұртаза ағамыздың дүниеден озғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым.
Заңғар жазушы, кәсіби журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыздың дүниеден озғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым.
Шер Ағам «Бір кем дүние» деп жүріп, бес күн фәни жалғаннан- келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекенге аттанды.
Ғибратқа толы ғұмырында, қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып, әдебиеттің «Тау тұлғасы» атанды. «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп, тілшінің тірлігін һәм беделін түзеп, бекем етті. Шәкірт тәрбиелеп, өзі жүрген даңғыл жолымен ұрпаққа үлгі бола алды. Оның жазушылығы мен журналистігі бір төбе, шымыр сөзден ұйқас ұйытып, өлең өретін ақындығы бір төбе еді.
Жамбыл өңірінде қызмет жасап жүргенімде, Ағамның шаңырағында жиі болып, дидарласып, кеңесіп тұрушы едім. Ержігіттің қар барысындай байыпты мінезді болғаны- оның бағы деп айтушы еді маған.
Шынтуайтында, ағаның шын есімі – Шері екенін біреу білсе, біреу білмес. Айбаты мен қайраты басым тек ұшар биік, қар басқан шыңда ғана өмір сүретін қазақ барысына байланысты қойылса керек.
Ең өкініштісі ұлттың дәстүрі, ділі мен тіліне, жалпы, ел тағдырына қатысты, қанатты сөздерін, шекпенінен шыққан шерлі дүниелерін енді, басылған баспа мен жазылған таспалардан, өзі қаттаған кітаптардан ғана көріп, оқимыз.
Ағалық ақылыңыз, кемел кеңестеріңіз, орамды ойларыңыз көкейімде әлі күнге дейін сайрап тұр. Өзіңізге деген құрметім мен ізетім, күн санап өспек. Сағынышқа айналар жарқын бейнеңіз жадымызда мәңгі сақталатынына бек сенімдімін.
Бақұл болыңыз рухтас Аға. Жаратқан жаныңызды нұрға бөлеп, мекеніңізде пейіштен етсін.
ШерАғаның отбасына, туған туыстарына және күлі қазақ руханиятына қайғырып көңіл айтамын.