Ақтөбеде лифтіде қайтыс болған журналист өлімі үшін 5 млн теңге моральдық шығын сұралды
- автор kyn.kz
- 17 қазан, 2018
- 240
Алайда қайғылы жағдайға өзін кінәлі санамайтын айыпталушы Ақжанов ондай ақшаны төлей алмайтынын кесіп айтты.
"Қайғыңызға ортақпын. Орны толмас қаза. Садақаға бару ойымда болды. Полициядан сескендім. "Кінәлі болған соң, жуып-шаюға келіп жүр" деп ойламасын дедім. Осы жағдайдан кейін менің жүрегіме екі рет ота жасады. Жұмысқа шыққанымда бәрі мені кінәлап жатқанын білдім. Мен отбасыммен, алты немереммен ант етемін. Кінәлі емеспін. Мен 5 миллион теңге төлей алмаймын. Мұршам жоқ. Отбасыға көмектесіп тұрудан қашпаймын", - деді Жарылқасын Ақжанов.Сотта екінші айыпталушы Жәнібековтен моральдық шығын сұралған жоқ. Ол қайғылы жағдайдан кейін отбасыға көмек көрсеткен екен.
"Өлген баламның артын шулатқым келмейді. Маған ештеңе керек емес. Балам да тыныш жату керек. Әдейі өлтіргендерді де кешіріп жатыр. Мен де анамын. Тасжүрек емеспін. Соттатып жіберіп, біреудің отбасын жылатпай-ақ қойдым", - дейді марқұмның анасы Айша Төлемісова.Сотта қаралып жатқан тележүргізушінің өліміне қатысты іске журналистер де куәгер ретінде шақырылған. Оқиға бойынша репортаж жасаған жергілікті телеарнаның тілшісіне көпқабатты үйдің тұрғыны лифтінің бір күн бұрын да істемей қалғанын және сол кезде лифт жөндейтін танысын шақырғанын айтқан.
Айыпталушы тарап журналистке сұхбат берген тұрғынның жауабы маңызды болатынын айтып, ескі лифтіні басқа адам жөндегеннен кейін қайғылы жағдай орын алуы мүмкін дегенді алға тартты.
Сот айыпталушы жақтың ұсынысын ашық қалдырды. Жауаптың үшінші тараптан емес, тұрғынның өзінен алыну керектігін айтты.