Басты жаңалықтар
Шымкентте ер адам анасын ұрып,мүгедек қызды өз үйінің ауласында зорламақшы болды
- автор kyn.kz
- 17 қазан, 2018
- 205
Қыздың анасы: Мені сабап, қызымды шешіндіріп үлгерді. Көршілерім жиналып күдіктіден әрең құтылдық.
40 жастағы ер адам өз үйінде жүрген мүгедек жасөспірімді шешіндіріп, арам ойын іске асырмақшы болыпты. Сол кезде баласына араша түспек болған анасын соққыға жыққан.
Ал азғынның іс-әрекетінен қатты қорқып қалған жәбірленуші тірі жанмен сөйлесуден де қашып отыр. Түркістан облысының Сайрам ауданында болған сұмдық жағдай жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Лазакат Ахметова өз шаңырағында туған қызына әлдекімнің зорлық көрсетпек болғаны жанына қатты батқаннын айтады. Сол күнгі оқиға есіме түссе денем мұздап, жан-дүнием түршігіп кетеді дейді.
Үйде 16 жастағы қызы екеуі ғана қалыпты. Үш баласы сабақта болған. Күнделікті үй шаруасымен айналысып жүргенде, кенет даладан перзентінің шыңғырып, жылаған дауысын естіген. Есік алдына атып шыққаны сол-ақ екен сұмдық жағдайды көзбен көріпті.
«Мына есікті байлап қойғанмын. Үйдің ауласына қалай кіріп кеткенін білмеймін. Ішіп алған, мас. Менің қызыма тиіспекші болған. Қызым “мама” деп айқалағанда, мен үйден шығып, құтқарып қалдым» – дейді жәбірленушінің анасы Лазакат Ахметова.
Жалғызбасты ананың қызын күштеп зорламақ болған күдікті өз ауылдасы болып шықты. 40 жастағы ер адам әп-сәтте оны шешіндіріп үлгерген екен.
Үйде ешкім болмағанда, білгенін істеп, қарасын батырып кетуі мүмкін еді. Ал қызына араша түскен анасының көкала қойдай етіп, сабап тастапты. Келіншек көрші-қолаңмен жабылып жүріп, азғынның тырнағынан қызын аман алып қалған.
Іле шала полицияға келіп, сезіктіні ұстаған. Бірақ, ол жымысқы әрекетін мойындамай отырған көрінеді.
«Ол кісінің істеген іс әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы, 3-бөлігі, 120- бабының 3-бөлігі, 3-тармағымен сараланып келді. Себебі, бұл қылмыстық іс ауыр қылмыстар санатына жататындықтан кепілдеме тағайындалмады. Қазіргі таңда ол кісі қамауда отыр . Санкция берілген, 2018 жылдың 13 қазанында» – дейді Түркістан облысы, Сайрам ауданы сотының кеңсе меңгерушісі Сабыр Мейрамбаев.
Қамауға алынған күдікті Қарабұлақ ауылының тұрғыны екен. Отбасылы, үш баланың әкесі. Бұрын істі болмаған. Жәбірленушінің анасы жалғызбасты болғандықтан, оған қайта-қайта келгіштеп жүрген көрінеді.
Ал, осы сұмдық оқиғадан кейін мүгедек қыз тірі жанмен сөйлесуден қалыпты. Бөтен адам түгілі, бауырларымен де тілдеспейтін болған. Ақыл-есі кемтар қызын анасы емдетуді көздеп отыр.
Қарабұлақ ауылында кәмелеттік жасқа толағандармен жыныстық қарым қатынасқа түсу дерегі алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін де болған. Жергілікті жердің тіс дәрігері жасөспірім қызды зорлап, істі болған еді.
Енді міне тағы да қайталанып отыр. Қазір, күдікті қамауда. Қылмыстық іс қозғалды. Егер оның ісі дәлелденетін болса, онда 10 жылдан 15 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін екен.