Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Астанада әскери қызметкер бүтін бір отбасын сабап, көлігін ұрлап кетпекші болды

Астанада әскери қызметкер бүтін бір отбасын сабап, көлігін ұрлап кетпекші болды
ашық дереккөз
Астанада алкоголді ішімдікке сылқия тойып алған әскери қызметкер тұтас бір отбасын ұрып-соғып азаптаған.
Бұл сұмдықты көрген тұрғындар бей-жай қарамай, тәртіп бұзушыны жабылып жүріп, әрең ұстапты. Зардап шегуші тарап қылмыскер жазадан оңай құтылып кете ме деп қорқады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Астананың орталық ауданында әскери қызметкердің жасаған бассыздығының іздері әлі сайрап жатыр. Сенбі күні мас күйінде ол көшенің бойында дәл мына жерде тұрған көлікті айдап әкетпекші болған. Камерадан қылмыс қалай жасалғаны анық көрінеді. Капитан шеніндегі әскери қызметкер мас күйінде  Өскенбаевтар отбасына тиесілі көліктің рөліне отырып, отанасын машинамен сүйреп әкеткен. «Анам “шық көліктен” деп еді, “ей өлтіремін” деп боқтап, бетінен бір-ақ ұрды. Содан кейін мені, әкемді және анамды көлікпен сүйреп әкетті. Аяғымды жарақаттады. Абырой болғанда, қарсы бетте келе жатқан жүк көлігі тоқтап үлгерді. Әйтпесе бізді таптап өтер еді» - дейді зардап шегуші Диана. Көлікті от алдырған күйі күдікті бір адамның екі аяғын бірдей басып өтіп, жолдың арғы бетіне қарай бағыт алады. Бұл жерде тұрған темір бағананы соғып, мына жерде өсіп тұрған ағашты қағып құлатады. «Бұл жерде тек біреудің көлігін айдап әкету ғана емес. Қосымша менің отбасымды ұрып-соқты және жол көлік оқиғасына себепкер болды. Яғни, тағы екі бап бойынша іс қаралу керек. Алматы аудандық ішкі істер басқармасы бізден арыз алудан бас тартты. “Ол әскери қызметкер, оны тергей алмаймыз” деді. Енді әскери адам болса, адамдарды ұрып, көлігін тартып алуға рұқсат деп қайда жазылған?» - дейді зардап шегуші Әуез Қабдуғалиев. Тәртіп бұзушы көлікті тоқтатып, өзінің іс-әрекетіне баға бермеген. Әрі қарай жүріп, мына аялдамаға жоғары жылдамдықпен соғылады да, әрі қарай көлікті тастап, мына бағытқа қаша жөнеледі. Бірақ 10 шақты адам жүріп, оны ұстап үлгерген. Қамауға алынғанынан кейін 24 сағат өтпестен полицейлер тәртіп бұзушыны босатып жіберіпті. Ол көп ұзамай, қылмыс орнына қайта оралып, зардап шеккен отбасына ақша ұсынған. Сол арқылы  істі жауып тастамақ болыпты. «Вас боимся. Какое имеете право бізге келуге, бізді іздеуге дедім. Кім сізді шығарды? Сізді жауып қойды деді ғой. Кеше сен покушение істедің, бүгін свободно жүрсің дедім. Қалай сіз бізге келдіңіз дедім. Сосын бастығы айтады “тұра тұрыңыз, сөйлесейік” деп. Сөйлестік. Ол кісі айтады маған машинаңызды жөндеп берейік. 1 миллион теңге берейік дейді. Маған ештеңе керек жоқ дедім» - дейді зардап шегуші Ошақбай. Аталған істі әскери тергеу басқармасы ҚК 200-бабы бойынша қарастырып жатқан көрінеді. Аталған баптың жауапкершілігі 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салумен ғана шектелуі мүмкін. "Астана қаласында 20-шы қазан күні қарулы күштер офицеры, лексус автокөлігін заңсыз айдап кеткен. Алкогольді ішімдік ішкен күдікті аялдамаға барып түйіскен. Жол көлік оқиғасынан зардап шегушілер жоқ. Автокөлік - иесіне техникалық ақаумен қайтарылды" – дейді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев. Зардап шеккендердің барлығы қазір емханаға барып, қажетті ем-дом қабылдап жүр. Алған жарақаты мен оның дәрежесі көрсетілген  медициналық анықтама да қолдарында. Олар құзырлы органдардан 2 адамды жарақаттап, тағы біреуін өлтіре жаздаған әскери қызметкердің ісін қатаң бақылауға алуды сұрап отыр. Олай болмаған жағдайда капитан оп-оңай жауапкершіліктен құтылып, іс жабылып қала ма деп алаңдайды.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар