Басты жаңалықтар
Сәуле Әбілдаханқызы Сайрагүл Сауытбайдан не себепті көңілі қалғанын айтты
- автор kyn.kz
- 7 қараша, 2018
- 376
Журналист өзін Сайрагүлдің сөзін сөйлеп, сотта белсенділік танытпау үшін Қытайдан ақша алды деп айыптағандарға жауап берді.
Танымал журналист Сәуле Әбілдаханқызы барын салып қорғап, тіпті түрмеден босауына өз деңгейінде көмек қолын созған Сайрагүл Сауытбайдан көңілі қалғаны жайлы жазды. Айтуынша көпшілік көңілі қалған адамға бұрынғыдай көмек бермей қойған журналистің өзін кінәлай бастаған.
Тіпті Сайрагүл туралы жақ ашпас үшін Қытайдан қыруар қаржы алды дегендер де болыпты.
"Сайрагүл Сауытбайдың жайын жиі сұрайсыздар...
"Неғып ол туралы жазбайсың, неғып Қытай туралы жазбайсың, Қытай ақшамен аузыңды жапты ма?" - дейтін сасық ауыздар көп... бір үндемейсің, екі үндемейсің, үшіншісінде "баняға" қамайсың... бәрібір қоймайды ғой - жеті басты аждаһа сияқты ысылдауын қоймайды...
Ал, қайтесің ал, ақшаға қойны-қонышым толып, миллионер боп отырмын. Екі жәшік юанім бар... қытайға сатылдым, ал қайтесің?!.
Кімді жазам, не жазам, онда шаруаларың болмасын. Ешқайсысыңның маған өткізіп қойғандарың жоқ. Ешқайсыңның алдыңда мен мойныма соцміндеттеме алған жоқпын. Ешкімге есеп беруге міндетті емеспін.
Сайрагүлді бостандыққа шығаруға атсалысқаным үшін халықтың иығыма жапқан екі камзолын қызғанып өліп кете жаздадыңдар ғой, сол серікжандарың, сол тақиялы сайтандарың емес пе - "Сәуле Қытайдан жәшік-жәшік ақша алып, Қытайға сатылды" деген.
Қытай туралы жазғаннан алған алғысым сол болса, мен неге ол туралы жазуым керек??? Сайрагүл деп күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өткізгенімде, түрме, сот залы мен Алматы арасын жол қылғанымда, мен ауруханаға түскенде аяғы жетпей қалған олар "пәтер табуға көмектес деп", ауруханадан шығатын күні келгені адамгершілік пе? Мәселе "ауруханаға көңілімді сұрап келмеді" деп ренжуде емес, мәселе - "сыйға сый, сыраға - бал" дейтін қазақтығымда, "бір атым насыбайдан көңілім қалатын" қазақы адалдығымда...
өзгеден де дәл өзімдей ақ көңіл, адал ниет күтетінімде... (Ешкімнен ештеңе күтпеу керектігін енді-енді үйреніп жүрмін).
Онысын қойшы, дәл мен екінші балапанымызды - әпкемнің баласы, Абзалыммен тел өскен Нұрсұлтанымыздан айырылып қан жұтып отырғанда, Сайрагүл мен Уәли тақиялы сайтанмен бірігіп, біз оларды лақтырып кеткендей, халыққа мүсәпір боп көрініп видео жариялағанын қалай қабылдауым керек?
Түк болмағандай, "Сайрагүл, Сайрагүл" деп құрақ ұшып, оның жалдап алған журналисіндей түк болмағандай жүре беруім керек пе?
Кешіріңіздер, олай екіжүзділікке бара алмаймын...
"Қалған көңіл - шыққан жан..." (Абай)
Мен тәкәппар емеспін, бірақ өз бағамды білетін адаммын.
Әрине, ол босқын мәртебесін алсын, балалары жаутаңдамасын, анасынан ажырамасын деп тілеймін. Сырттай тілектеспін. Бұрынғыдай құрақ ұша алмайды екем... өзім барынша адалмын",-деп жазды журналист Сәуле Әбілдаханқызы желідегі парақшасында.