Басты жаңалықтар
Өзі реттесін: Бозымбаев күдікке ілінген орынбасарының ісіне араласпайтынын айтты
- автор kyn.kz
- 8 қараша, 2018
- 216
Министр тіпті Анатолий Шкарупаның жемқорлыққа қатысы барын кеше журналистерден естіпті.
Қанат Бозымбаев ақша жымқыруға қатысы бар делінген орынбасары үшін еш алаңдамайтынын жеткізді. Энергетика министрі: «Анатолий Шкарупа тәжірибесі мол маман, мәселені өзі шешеді» деді. Ал оның жемқорлыққа қатысы барын кеше бірінші рет естіпті, деп жазды КТК арнасы.
"Вице-министрлерді министр тағайындамайды. Вице-министрлер Үкімет қаулысымен тағайындалады. Тәжірбиелі кадр ғой, мәселені шеше алады деп ойлаймын. Мен ешқандай болжам жасамаймын. Өздеріңіз жасаңыздар",-дейді ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Оның үстіне вице-министр бір ай бұрын ғана тағайындалған екен. Ал кеше қауіпсіздік кеңесінің отырысында Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Анатолий Шкарупаға Саран қаласының әкімі болған тұста жылу есептеуіш құралын орнатуға деп бюджеттен бөлінген 215 миллион теңгені қолды қылғандарға қатысы барын мәлімдеген еді.
Яғни орталық жылу жүйесіне қосылмаған үйлерге қондырғы орнатқан көрінеді. Енді Бозымбаевтың үшінші орынбасары да шатылуы мүмкін.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Энергетика министрінің екі орынбасары Щучье-Бурабайдағы көлді тазартуға бөлінген миллиондарды жымқырған деп айыпталған. Бақытжан Жақсалиев пен Ғани Сәдібеков қазір үйқамақта отыр.