Басты жаңалықтар
Күндіз әртіс, кешке күзетші: Абай атындағы театр әртістері жалақыларын көтеруді талап етті
- автор kyn.kz
- 8 қараша, 2018
- 282
Опера және балет театрының әртістері 40 мың жалақы алатындарын айтып, қарапайым халықты қайран қалдырды.
Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры ұжымының айлығы шайлығына жетпейді, деп жазды KTK жаңалықтары.
Әртістер амалдың жоқтығынан сахнадан кейін басқа жұмыс істеп күн көруге мәжбүр. Жүзден астам өнер өкілі қол қойып жақында Ақордаға хат жолдаған. Базыналарын Мәдениет және спорт министрлігіне де жеткізген.
"Жалақымыз 40 мыңнан 100 мыңға дейін. Сондықтан "халтура" іздеп тойға шығамыз",-дейді актерлердің бірі.
Балет әртісі Әлібек Әспетов сахнада ұршықша иірілгенімен, тұрмысы үшін иілуіне тура келіп тұр. Кәсіби маманның мұндағы табысы пәтер ақысы, несие, азығына жетпейді. Амал жоқ той жағалаумен, ағалаумен өлместің күнін кешіп жүр. Атағы дардай опера және балет театрындағы өзге әртістер де Әлібектің кебін киген.
"Жалақым 62 мың теңге. Бұл ақша маған әрине жетпейді. Мен де жалға берілген үйде тұрамын. Соған 60 мың берем,тіпті коммуналдық төлемге жетпейді. Қосымша жұмыс істеуге тура келеді. Кешке мектепте күзетші болып жұмыс істеймін",-дейді хор әртісі Тұңғышбек Мұсаев
Жалақыға жарымай, жаны қиналған 13 әртіс биыл қимаса да, театрды тастап басқа жаққа ауысқан. Орташа қолдарына тиетін айлық 60-80 мыңның айналасында. Бұлардың Астанадағы әріптестері олардан 2-3 есеге жоғары айлық алады.
Ал 80 жылға жуық тарихы бар Абай театры тарландарының тарығуын парадоксқа балауға болар. Тіптен, мұндағы директордың өзі алатын жалақысы отбасын асырауға жетпегендіктен, басқа жақтан нәпәқа табатынын айтады.
Өнерге өмірін арнағандардың жалақыдан қағажу көруі жандарына батады. Сананы тұрмыс билеген соң, сахнадағы саф өнердің сапасы ақсамай ма деген сұрақ та туады. Бірақ, басқа түскен баспақшылдан олар киелі сахнаны тастап кетпек емес.
Айлығы шайлығына жетпейтін әртістердің әзірге жақсы жалақыға қол жетер күн жақын деп үміттенуден басқа амалдары жоқ. Хат жазылды.
Енді министрлік пен билік базыналарына құлақ асып, өнер өкілдерінің басында қордаланған мәселеге атүсті қарамас деп сенгілері келеді. Күрмеуі қиын мәселе шешілгенше, әркім қал-қадірінше тірнектеп, еңбектеніп, күн көреді.