Ара-арасында жұма намазға баруға ниеттеніп, шайынып шығуды өтінген жастар келіп жүрді. Олар бас-аяғы 10-15 минутқа шайынып шыққандарына 200 теңге ұсынатын. Онысын өзім де алмайтынмын ұялып. Қанағат, ынсап болуы керек қой адамда", - деп әңгімесін бастаған келіншек жұма күні моншаға тегін түсіру туралы ой пайда болғанын айтып берді.
"Содан бірде жұма күні түске дейін моншаға тегін түсуге мүмкіндік беру туралы ойда жүрген ұсынысымды айтып, үйдегілермен ақылдастым. Олар мұны құптап, бір ауыздан қолдады. Сосын қағазға xабарландыру жазып, есікке ілдіртіп қойдым", - дейді Гүлзира.Оның айтуынша, бұл моншаға келушілердің дені ер адамдар екен.
Кейде қариялар арнайы келіп, отағасы Ғабидоллаға алғыс айтып, бата беріп кететін көрінеді.
"Жұма күні таңғы сағат 10-ның шамасында моншаны жағып қоямын да, өзім жекеменшік дүкенде сауда-саттық жасап отырамын. Моншаға келушілерді санап, беттеріне басқандай болмайын деп, өзім есікті ашып кетіп қаламын", - дейді Гүлзира.Сондай-ақ, келіншек осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткен енесінің түсіне кіруі әсер етіп, жұма күні бір адамға болса да, жақсылық жасауды ниет еткендерін жасырмады.
"Бірде түсіме марқұм енем кіріп, "Баня жағып қой, екі кемпір болып барамыз" деді. Бәлкім осы бір тылсым түс ой салды ма, жұма күні бір адамға болса да жақсылық жасағымыз келді", - деп сөзін аяқтады келіншек.