Басты жаңалықтар
Шымкент тұрғыны: 3 жасар қызымның ішкиімі қан, балабақшада зорланды
- автор kyn.kz
- 28 желтоқсан, 2018
- 263
Бүлдіршін ата-анасына оқиғаның қалай болғанын толық айтып берген.
Шымкентте 3 жасар қызды балабақшада зорлап кеткен. Бүлдіршіннің ата-анасы осылай дейді. Бүгінде олар полицияға шағымданып үлгерген.
Бұл жайында Sputnik Қазақстанға сілтеме жасай отырып KYN.KZ хабарлайды.
3 жасар қыздың әкесінің айтуынша, оқиға 25 желтоқсанда Қаратау ауданындағы №56 балабақшада болған.
Оқиға болған күні анасы қызын балабақшадан алып келгеннен кейін, оның ішкиімінен қанның ізін көріпті. Мұнан кейін олар бірден полицияға шағымданған.
«Келіншегім қызымның іш киімінен қан ізін көргенде, шошып кетті. Қызым оқиғаның қалай болғанын айтып жатыр. Ал балабақша қызметкерлері мұндай сұмдық болған жоқ деп, мұны баланың өзі құрастырып отыр дейді. 3 жасар қыз ондай нәрсені қайдан білсін?» – дейді әкесі.
Отағасының сөзінше, мұндай сұмдық оқиға орын алған кезде тәрбиеші жұмыс орнында болмапты.
Артынша бүлдіршіннің ата-анасы полиция қызметкерлерімен бірге балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбасын тексерген.
«Балабақшаға орнатылған камерада қызымның тек жылап отырғаны көрініп тұр. Балабақша дәлізіндегі видеоларды көре алмадық», – дейді әкесі.
Қыздың анасы сол түні-ақ оны дәрігерге апарып, сот-медициналық сараптама жасатыпты. Оның нәтижесі бір айдан соң белгілі болады.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсел Сәденова бұл оқиғаны растады.
«Қылмыстық кодекстің 124-бабына (Жас балаларды азғындық жолға түсіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚК 201, 147-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері жарияланбайды», – дейді Сәденова.
Айта кетсек, ерлі-зайыптының үш баласы бар екен. Ал 3 жасар қыз – ортаңғы перзенті.