Жаппай төбелеске мейрамхана қонақтары мен қызметкерлері қатысқан.
Төбелес 1 қаңтарға қараған түні таңғы төрттер шамасында "Древний Рим" мейрамханасында болды.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Қарағандыда болған қанды оқиғаның тұрмыстық сипатқа ие екенін мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ сайты Sputnik Қазақстан тілшісіне сілтеме жасай отырып
Сүлейменовтің айтуынша, қанды оқиға 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні таңғы төрттер шамасында Қарағандыдағы "Древний Рим" мейрамханасында болды. Жаппай төбелеске мейрамханаға келгендер мен мейрамхана жұмысшылары қатысқан.
"Тергеу шаралары барысында біз жаппай төбелеске қатысқан 14 адамды анықтадық. Ал тоғыз адам персонал тарапынан белсенді қатысқан. Аталған төбелеске мейрамхана ішінде болған қонақтармен арадағы жанжал себеп болған", — деді Сүлейменов ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, сол түні мейрамханада 400-ге жуық адам Жаңа жылды қарсы алған. Соның ішінде мейрамхана қожайыны өзінің туыстарымен Жаңа жылды атап өтіп жатқан.
Сүлейменов мейрамхананың жұмыс режимі бойынша түнгі сағат үште мекеме жабылып, барлық іс-шара тоқтатылуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты, мейрамхана қызметкерлері үш кезінде қонақтарға мекеменің жабылатынын алдын ала ескерткен.
"Бұған келіспеген қонақтар жанжал шығарып, салдарынан жаппай төбелеске ұласты", — дейді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.
Персонал түнгі үштен кейін мейрамхана ішіндегі адамдарды сыртқа шығарып жіберген. Ал олар, Сүлейменовтің айтуынша, өз достарына хабарласқан. Оннан астам адам келіп, мекемеге баса-көктеп кірмекші болған. Осыдан кейін мейрамхана қожайыны мен персонал тарапынан шаралар қолға алынып, жанжалға ұласады. "Салдарынан төрт адам пышақ жарақатын алды, екі адам ауруханаға түсті. Біреуі көз жұмды", — деді Сүлейменов. Сүлейменов сот санкциясымен қазіргі таңда 8 адам уақытша ұстау изоляторына қамалғанын атап өтті. Министрдің бірінші орынбасары жаппай төбелестің ұлтараздық қақтығыс емес екенін айтты. "Төбелес таза тұрмыстық сипатқа ие. Өйткені оған бір жақтан тек бір ұлттың, екінші жақтан тек басқа ұлттың өкілдері қатысқан жоқ. Біз барлығын анықтап алу үшін мұны тергеу кезінде жария еткен жоқпыз. Тергеу әлі жүріп жатқандықтан, толық ақпарат бере алмаймыз", — деді ол.