Басты жаңалықтар
"Ханшатырдағы" оқушының өліміне байланысты министр түсініктеме берді
- автор kyn.kz
- 4 маусым, 2019
- 344
Оқиғаның қалай болғаны, не себепті оқушының құтқарылмағаны айтылды
Тұрғымбаев қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатқанын айтты
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев "Ханшатыр" сауда және ойын-сауық орталығында бассейнге батып кеткен 9 жасар қыздың өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тұрғымбаев оқушы қыздың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.
"Онда мектеп ұйымдастырған жазғы балалар лагері болған. Кеше 30 бала бассейнде шомылып жүрген, жазатайым оқиға болып, қыз батып кетті. Осы кезде құтқарушының қайда болғанын, неге дер кезінде шара қабылдамағанын анықтап жатырмыз", - деді министр үкімет кулуарында.
Сондай-ақ, ол ойын-сауық орталығында балалар лагерін ұйымдастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген ұйымдастырушылардың да жауапкершілік мәселесі қаралатынын айтты. "Қазір барлық бейнекамераның жазбасын алдық, сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр", - деді Тұрғымбаев. Кеше елордадағы "Ханшатыр" сауда және ойын-сауық орталығында 9 жасар оқушы қыз бассейнге батып кетті. Белгілі болғандай, сол күні бассейнге мектеп жанындағы лагерьден 200 бала келген, олардың қасында 24 тәрбиеші мен тәлімгер болыпты. Көз жұмған оқушы көпбалалы отбасыдан шыққан, 1-сыныпта оқыған екен. Сауда орталығында жұмыс істейтін медициналық қызметкер балаға алғашқы көмек көрсеткенімен, өміріне араша түсе алмапты. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем дәрігерлері қыздың көз жұмғанын айтты. Енді басқарма елордағы барлық лагерьді тексергелі отыр.