Биыл 20-30 маусым аралығында мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді.
Жыл басынан бері тестілеуді ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері беріліп келгенімен, осы жолы мемлекеттік грантқа таласы бар түлектердің сыналар сәті келе жатыр.
Осы ретте KYN.KZ ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасай отырып түлектер үшін ең маңызды ақпараттармен бөліседі.
Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгерген жоқ. Яғни, тапсыратын пәндер, сұрақтар, ұпай саны, уақыты бұрынғы форматта. 20-30 маусым аралығында ҰБТ еліміздегі 1188 аудиторияда өтеді. Оған қатысу үшін 117 242 адам өтініш берген. Соның ішінде 96 мыңнан астамы - осы жылғы мектеп түлектері (мектеп бітірушілердің 72 пайызы) болса, 20 мыңнан астамы - биыл және өткен жылдары колледж бен шетелдік білім беру ұйымдарын бітірушілер.
Биылдан бастап ҰБТ-ның төрт рет - қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізілетіні бұған дейін хабарланған болатын. Қаңтардағы тестілеуге - 35 мыңға жуық, ал наурызда - 80 мыңдай оқушы қатысып үлгерген. Осы екі ҰБТ-да жалпы мектеп бітірушілердің 78 пайызы қамтылды. Оның 70 пайызы қазірдің өзінде ақылы негізде оқуға түсе алады. Енді осы оқушылардың грантқа түсем дегендері маусым айында тестілеуге қатысып, өз білімін сынауға мүмкіндігі бар.
ҰБТ тапсыру пунктілерінде интернет болмайды Білім және ғылым министрлігінен хабарланғандай, республикалық деңгейде және әрбір ҰБТ өткізу пунктінде апелляциялық комиссия жұмыс істейді. Барлық аудиториялар 100 пайыз (1188) ұялы телефон сигналдарын өшіретін құралдармен және бақылау бейнекамераларымен жабдықталған. Сондай-ақ жедел ақпарат алмасу үшін министрліктің және Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары тұрақты түрде жұмыс істейді. Ведомствода хабарланғандай, тыйым салынған құралдар мен заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тестілеу нәтижесі жойылады.
ҰБТ кезінде мүмкіндігі шектеулі түлектерге қандай жағдай жасалады? БҒМ хабарлағандай, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқуға түсушілерге жеке аудитория, сондай-ақ ҰБТ шеңберінде тапсырылатын пәндердің мұғалімі емес көмекші, ымдау тілін білетін маман беріледі. Бұл үшін тестілеуге қатысатын түлек денсаулығы туралы анықтаманы ұсынып, өтініш беруі қажет. Шекті бал бойынша өзгерістер бар ма?
БҒМ-нан хабарланғандай, жалпы шекті бал өзгерген жоқ. Тек «Педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша шекті балл барлық жоғары оқу орындары үшін 50 балдан 60 балға көтерілді. Бұл - болашақ педагогтарды сапалы іріктеу бағытында жасалып отырған шара екенін атап өту керек.
Ал енді шекті балға нақтырақ тоқталатын болсақ, ұлттық жоғары оқу орындары үшін ҰБТ нәтижесі бойынша - кемінде 65 бал, «Педагогикалық ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім салалары бойынша - кемінде 60 бал, басқа ЖОО-ға - кемінде 50 бал, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» саласы бойынша - кемінде 65 бал, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы - оқу тілі бойынша кемінде 5 бал және әр бейіндік пәннен кемінде 5 бал алуы қажет.
Ал, қысқартылған оқу мерзімімен оқуға түсуші колледж түлектері білім грантының конкурсына қатысу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 25 бал, оның ішінде жалпы бейіндік пән бойынша - кемінде 5 бал және бейіндік пән бойынша кемінде 5 бал алуы тиіс. Тестілеудің нәтижесін қайдан көруге болады? Тест тапсырмаларының базасы жыл сайын 30 пайызға жаңартылады.
Мектеп түлектері мен ата-аналар министрліктен «сұрақтардың ішінде Геннадий Головкин мен Димаш Құдайберген туралы сауалдар бола ма?» деп сұраған көрінеді.
Алайда Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы сұрақтардың қазіргі қазақстандық танымал тұлғаларға қатысы жоқтығын алға тартып отыр. Тестілеу нәтижесі ҰБТ тапсыру пунктілерінде сол күні жарияланады. Сонымен қатар, министрліктің Ұлттық тестілеу орталығының сайтында да ЖСН нөмірін теру арқылы немесе @edugovkz_bot телеграм боты арқылы тестілеу нәтижесін көруге болады.