Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

"Қазақ" газеті

"Қазақ" газеті
ашық дереккөз
"Қазақ" газеті. А. Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов.
Қазақ елін көзін ашу мақсатында, надандықтан құтылудың жолдарының бірі, ұлт зиялыларының "Қазақ" газетін құруы. Қазақты қалың ұйқысынан оятқан "Қазақ" газеті туралы тың деректерді kyn.kz сайтына оқи аласыз. “Қазақ” газеті. “Қазақ” газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. “А. Байтұрсыновтың шебер басшылығы мен жанқиярлық еңбегінің арқасында,-деп жазды М. Дулатов,-жоқтан барды жасаған деуге болатын және патшалық-полицейлік режимнің ауыр жағдайларында тіршілік еткен газеттің жабылар алдында өз баспаханасы, қағаздың үлкен қоры, шағын кітапханасы болды, таралымы 8000-нан асты”. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстық қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды. “Қазақ” газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, М. Дулатовтың анықтауынша, “қазақ әдеби тілінің мектебін жасаушы”, бірақ ең алдымен –ой өрісі аса кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. Азаттық қозғалысының мұраттарына, қазақ халқының топтасуы мен рухани өрлеуі мүдделеріне белгілендік, таңғажайып талант және ғылымның көптеген салаларынан энциклопедиялық білімділік оны ұлт ағартушылары мен рухани аталарының алдыңғы қатарларына шығарды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа “Қазақ” газетінің екінші жауапты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. Құлшынған қызба қанды, әсте ымырасыз, жалынды көсемсөзші, топ көрсе қыранша түлейтін ақын М. Дулатов өзінің ерлік және қайғылы тағдырымен көп жағынан XIX ғасырдағы Махамбет Өтемісұлын еске салатын. “Қазақ” газеті 1918 жылы (№ 261-265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты. XX ғасырдың басындағы демократияшыл қазақ зиялыларының бүкіл азаттық қозғалысы сияқты, бұл газеттің де жетекші бағытын белгілеуде қазақ халқының бостандығы жолындағы аса көрнекті күрескер, саясатшы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, статистик-социолог, көсемсөзші, энциклопедиялық тұрғыдағы ғұлама Ә. Бөкейханов зор рөл атқарды. Біртұтас болып біріккен ғажайып үштік-А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов қалың қазақ елінің мүддесін білдіріп, оның шамшырағы болған ғасырдың ұлттық газетін құра білд. Олар “Қазақ” газетінің төңірегіне қазақ демократиялық зиялыларының бүкіл бетке ұстарларын, соның ішінде Ш. Құдайбердиев, М. Жұмабаев, Ғ.Қарашев, С. Торайғыров, Ж. Аймауытов, Б. Майлин, Ж. Ақбаев, Х. Досмұхамедов, С. Дөнентаев, М. Шоқай, М. Тынышбаев және басқа да көптеген адамдар сияқты көрнекті қайраткерлерді топтастыра алады. Дегенмен де, негізгі идеялық-теориялық салмақты А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов көтерді. Зерттеуші К. Атабаевтың деректері көрсетіп отырғандай,“Қазақ” газетінің беттерінде жарияланған, бүгінгі күні қолда бар және “Қазақ” басылымы жинағында келтірілген материалдардың жартысынан астамын солар жазған. Тек Ә. Бөкейхановтың өзі “Қазақ” үшін 200-дей мақала жазыпты. Бағдарламалық мақалада (авторы А. Байтұрсынов) газет “ұлттың көзі, құлағы және тілі” деп аталған. Редактордың пікірінше, газет адамдардың мүдделеріне қызмет етуге, білімді таратушы, халықтың қорғаушысы, оның рухани тәлімгері болуға тиіс. Сонымен, А. Байтұрсынов нағыз жалпыхалықтық басылым құруды ойлады және оны жүзеге асырды. Газетті оның негізін қалаушылар“Қазақ” деп атады. Халықтың өз атын қалпына келтіріп, олар сол арқылы отаршылар тарапынан бұратаналарға менсінбей қарауға қарсы наразылық білдірді, қазақтар арасына ұлтжандылық басылым құруды ойлады және бірлік идеясын таратты. Газеттің бірінші нөмірінде басылған бағдарламалық мақаласында А. Байтұрсынов отаршылдық режим жағдайларындағы ұлттың тағдыры туралы мәселені ашық қойды. Ол былай деп жазды: “Өзіміздің өзіндік ерекшелігімізді сақтап қалуымыз үшін біздің бар күш пен құралды жұмсап, оқу-ағартуға және ортақ мәдениетке ұмтылуымыз қажет; бұл үшін біз әдебиетті ана тілінде дамытумен айналысуды бірінші борыш деуге міндеттіміз. Өз тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халықтың ғана дербес өмірге үміттенуге құқылы екенін ешқашан ұмытпау керек”. “Қазақ” газеті XX ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының стратегиясын анықтап берді. Ә. Бөкейханов былай деп атап өтті “Жуық арада далада, бәлкім, қазақ арасында белең алып келе жатқан екі саяси бағытқа сәйкес екі саяси партия ұйымдастырылатын сыңайлы. Олардың бірі ұлттық-діни партия деп аталуы мүмкін және де қазақтарды басқа мұсылман халықтарымен біріктіру оның мұраты болып табылады. Басқа бір батыстық бағыт қырғыз даласының болашағы-осы сөздің кең мағынасында-батыс мәдениетін саналы түрде іс жүзіне асыруда деп біледі”. “Қазақ” екінші бағыттың ой-пиғылын көрсетті. Ол тұжырымдамалық проблемаларды көрсеткен кезде соны негізге ала отырып жазды. Ең алдымен Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов қазақ халқының өркениет, түрік дүниесі тарихында алатын орнын анықтап берді. Халықты топтпстыру, оның ежелгі мәдениетін және демократиялық Ресей құрамындағы қазақ ұлттық мемлекеттігін қайта түлету проблемалары газет қызметінің өзегіне айналды. “Шаруашылықтағы өзгерістер” деген сериалы мақалаларында А. Байтұрсынов қазақ халқының эволюциясын және мәдениет тарихын көрсетті. “Қазақ” газеті өз беттерінде халық ағарту, кітап шығару мәселелеріне басымдық берді. XIX ғасырдың екінші жартысындағы ұлы ағартушылардың дәстүрлерінде тәрбиеленген қазақ демократияшыл зиялылары Шығыс пен Батыс ағартушыларының тәжірибесін жинақтап, тұтас доктрина жасады. Мысалы, И. Гаспринскийдің жаңа әдіспен оқыту туралы идеясының өзін қабылдай отырып, олар оны түрік-татар үстемдігі идеологиясынан, оқуды дінмен қосудан тазартты. Егер И. Гаспринскийдің ізбасарлары жаңа әдіспен дауыстап оқытудан татар мәдениеті мен жазуының үстемдігін тануға қарай жүрсе, қазақ демократтары Абай, Шоқан және Ыбырай ағартушылығынан отаршылдық режимді қирату, қазақ мемлекеттігін қайта туғызу идеясына бет алды. Бұл эволюцияда А. Байтұрсыновтың ғылыми-педагогикалық ізденістері ерекше рөл атқарды, соның арқасында ұлт қазақ әліпбиін алды, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сөз өнері теориясы мен мәдениет тарихы дамытылды. “Осы тынымсыз еңбегімен,-деп жазды XX ғасырдағы ұлы ойшылдың 50 жасқа толған күнінде М. Дулатов,-А. Байтұрсынов қазақтың сөз өнерін жоғары сатыға көтеріп, ұлттық мектеп пен туған әдебиет үшін берік іргетас қалады”. “Қазақ” газетінің беттерінде аграрлық проблеманың Ә. Бөкейханов бастаған көрнекті білгірлері отаршылдықтың мәнін, қазақ шаруаларының құнарлы жерлерін алып қою арқылы қоныс аудару қоры құрылуының, шаруалардың жерсіз қалуы үрдісінің мәнін ашып көрсетті. “Қазақ” газетіӘ. Бөкейхановтың жер мәселесі жөніндегі тұжырымдамасын қорғады, онда егіншілікпен ұштастырылған көшпелі мал шаруашылығын, қауымдық жер пайдалану негізінде жер алқаптарының тұтастығын, олардың құнарлылығын сақтау көзделген еді. Жер үлесінің болмашы жағдайында отырықшылыққа көшу, егіншілік, агрономия тәжірибесі, диқанның күнделікті титықтататын еңбегінің қанына сіңген етенелі болмаған жағдайда орыс деревнясы үлгісіндегі ауылдар құру қазақ шаруаларына мал шаруашылығы кәсібінен біржола айырылу, Башқұртстан мен Қостанай уезінде болғанындай, мұқтаждықтан жерді қоныс аударушыларға сату қатерін төндірер еді. “Қазақ” газеті мұсылман діні мәселесі бойынша ғылыми негізделген тактика ұстанды. Ол қазақ халқының артта қалған бөлігінің діншіл екеніне, Алланы және оның “жердегі өкілдері” молдаларды шын жүректен қадірлейтініне көңіл бөлді. Газет редакциясы “мұсылмандар одағының кадеттік бағдар ұстанатынын ескерді. Ә. Бөкейханов пен басқа да авторлар 1905-1907 жылдардағы революциядан кейін бүкіл Ресейде орын алған қуатты мұсылман қозғалысымен есептесіп отырды. Қозғалыстың қай тапқа жататынына қарамастан, елдегі 20 миллион халық түрінде тірегі болды. Мұсылмандардың бірінші съезінің қарарында мұсылмандардың прогресшіл бөлігі “озық қоғамның мұраттарына” қосылатыны және “орыс халқымен бірдей тең(саяси, азаматтық, діни) құқықтарды” пайдаланғысы келетіні атап өтілді”. Бірқатар мұсылмандар съездерінің жұмысына қатысқан Ә. Бөкейханов бір-біріне жалғасты, бірнеше мақалалар жазып, онда “Қазақ” оқырмандарына адамгершілік проблемаларын және оларды Ресей жағдайында шешу жолдарын ұғынықты етіп түсіндірді. “Қазақ” газеті діни қызбалықты қоздырған жоқ, керісінше, империя құрамындағы түрлі ұлттардың дінге сенушілерін топтасуға шақырды. Газет көзі ашық халықтардың француз революциясы мен өзге де буржуазиялық революциялар рухындағы теңдік, жеке адамға ешкімнің тиіспеушілігі, дін ұстану еркіндігі жөніндегі мұраттарын ескерді. “Қазақ” газеті бұхаралық, хиуалық, қазандық молдаларды, олардың озбырлығын, патриархаттық-рулық соқырсенімдердің тірегіне айналған әдет пен шариғат догмаларын әшкереледі, татарландырудың, арабтандырудың қазақ тілі дамуына, оның рухани келбетіне теріс ықпалын ашып көсетті. “Қазақ” газеті дінді мектеп пен мемлекеттен бөлуді жақтап, діни экстремизмге қарсы шықты, сонымен бірге жыныс, дін ұстану, ұлт айырмашылығына қарамастан, барлық ресейліктердің заң алдында тең екенін жариялап, жеке адамның бас бостандығы мен оның еркіндігіне қол сұқпауды қорғады. “Қазақ” газеті беттеріндегі жарияланымдардың едәуір бөлігі тіл мен әдебиет, этнография, мәдениет пен тәрбие, педагогика мәселелеріне, рыногтық жағдайларға бейімдей отырып, халық санасын жетілдіруге арналды. Газет өзінің нысаналы жарияланымдары арқылы ұлттың тарихи санасын қалаптастырды, Абай сияқты аса көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі үлгісімен ұлттық мақтанышқа тәрбиелеу міндеттерін белгіледі, Абай даналығы деңгейіне көтерілуге, өз халқының қамын ойластыруға, оның дәстүрлерінен, гуманистік принциптерінен таймауға шақырды. Газет демократиялық, тәуелсіз мемлекет орнату үшін бірінші кезекте ана тілі мен әдебиетін білу, кәсібилік ұлттық экономиканың бай болуы қажет екенін дәлелдеді. А. Байтұрсынов былай деп атап айтты: “басқалардан қалып қоймау үшін біз сауатты, бай және күшті болуға тиіспіз. Сауатты болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсібилік керек. Мығым болу үшін бірлік керек. Осы бағытта жұмыс істеу керек”. Газетке қатысып тұрған бүкіл авторлар ұжымының А. Байтұрсынов бағдарламасына толық қосылғанын атап өткен жөн. “Қазақ” шын мәнінде бүкіл ресейлік газет болды. Ол халықаралық жағдайға жүйелі түрде талдау жасап, ондағы Ресейдің рөлін анықтап отырды, елдегі және шетелдегі демографиялық жағдайды ашып көрсетіп, бүкіл түрік дүниесінің, мұсылмандар қозғалысының тағдырын қадағалады. Газет Мемлекеттік Думаның жұмысына, оның мінберінен қазақ халқының мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше мүдделілік танытты. Империалистік соғыс, дүние жүзін халықаралық капиталдың жетекші елдері арасында қайта бөлісу басталған кезде өзінің мазасызданғанын жасырмады. Ал мазасызданудың негізі бар еді. 1916 жылғы 16 маусымдағы қазақ жігіттерін тыл жұмыстарына алу туралы патша Жарлығы жай түскендей болды. Газет Жарлыққа дейін де, одан кейін де қазақтарды армияға шақыру туралы мәселені талқылап, оларға казак әскерлері мәртебесінің берілуін талап етті. Ол халықтан империяның боданы ретінде оның ерте болсын, кеш болсын, өз отандастарының Отан қорғау жөніндегі тағдырына ортақтасуына тура келетінін жасырмады. 400 мыңдық армия жасақтай алатын ұлтқа айналған соң ол соғыста жеңген жағдайда империя құрамында дербес автономияға дәмелене алар еді. Газет нақ сол баламаны негізге алып және көп адамның құрбан болуы жөнінде орынды қауіптеніп, 1916 жылғы оқиғалар жөніндеде принципті көзқарас ұстанды. Ол қазақтарды майданға алу мерзімін кейінге қалдыруға дейін барып, жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздестіруді, өкіметпен келіссөздер жүргізуді ұсынды. “Алаш” париясы мен Алашорда бостандықты жеңіп алуға және қазақ мемлекеттігін қайта туғызуға тарих берген мүмкіндікті қайткен күнде де ақырына дейін пайдалануға ұмтылып, тағдырлы шешімдер қабылдаған екі орыс революциясы кезеңіндегі “Қазақ” газетінің рөлі баға жеткісіз еді. “Қазақ” газеті қазақ халқы тарихының бетбұрысты кезеңінде шығарылды. Ол тұжырымдылығымен, жоғары көсемсөзділігімен, қазақ әдеби тілінің мағыналылығымен, өз халқының көкейтесті мүдделеріне адал қызмет етуімен ерекшеленді. М. Әуезовтің 1913-1918 жылдар аралығындағы кезеңді “Қазақ газетінің дәуірі” деп атағаны кездейсоқ емес. Ол 1922 жылы мәдениет қайраткерлеріне ашық хатында (“Қазақтағы қалам қайраткерлеріне. Ашық хат”) қазақтың баспасөзі тарихында “Қазақ” газетін қоспағанда, халық тәрбиешісі миссиясын орындаған, өз бағытын қатесіз анықтаған, ұлттық рухты асқақтатқан бірде-бір басылым болған емес деп атап өтті. Кәсібі жөнінен адвокат, “Айқап” журналының жұмысына белсене қатысқан қоғам қайраткері К. Тоғысов 1916 жылдың қарашасында Ташкентте апталық “Алаш” газетін шығара бастады. Оны К. Тоғысовтың өзі редакциялады, ресми шығарушысы оның әйелі Мәриям Тоғысова болды. Бастапқы кезеңде газет өкімет орындарына көзқарасы жөнінен адал болды, тек 1917жылғы 24 ақпаннан бастап (№12) өзін революциялық-демократиялық басылым ретінде көрсетті. Мәселен, К. Тоғысов “Жоғалсын Романовтар” деген бір мақаласында әрбір халық егеменді, демократиялық елде өмір сүруге құқылы деп пайымдады. Газет ақпан революциясын қызу құқықтады. “Алаш” газеті әйелдердің тең құқықтығын қорғады. Оның беттеріне белгілі журналистер, жазушылар: Т. Жомартбаев, А. Баржақсин, Б. Майлин, Ж. Аймауытов, жаңа жазба бастаған М. Әуезов шығып тұрды. Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихында апталық “Сарыарқа” газеті елеулі із қалдырды. Оның редакторлары Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов болды. Газет 1917 жылдың екінші жартысында Семей қаласында шығып тұрды. Оның беттерінде Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, Р. Мәрсековтың, Х. Ғаббасовтың,Ә. Ермековтің, М. Малдыбаевтың, Ж. Ақбаевтың және “Алаш” қозғалысының басқа да көптеген көрнекті қайраткерлерінің мақалалары басылды. Онда Алаштың гимні (авторы С. Торайғыров), Ж. Аймауытовтың, М. Әуезовтың, С. Дөнентаевтың, Ғ. Қарашевтың,І. Жансүгіровтің, Б. Майлиннің көсемсөздік материалдары жарық көрді.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар