Афшина. Шииттер. Исмаилия. Фиқһ. Логика. Әл-Хасил уа әл-Махсул. Әл-Мажмуғ.
Әбу Әли ибн Сина – адамзат тарихында ең жарқын із қалдырған тұлғалардың бірі. Ол философ, психолог, ақын, математик, музыкант және ұлы ғалым ретінде танымал. Авиценнаның 1000 жыл бұрын жазған еңбектері әлі де өзекті. Дәрігерлердің ұстазы атанған Әбу Әли ибн Сина туралы ақпараттарды kyn.kz сайтынан оқи аласыз.
Бұхара аймағының Афшина ауылында туылған. Содан кейін әкесімен бірге Бұхара қаласына көшіп барған. Жасы онға толмай жатып Құран мен әдебиетті үйренді. Әкесі Бұхараның қасындағы Хармисин деген ауылда шаруа болатын. Әкесі шииттердің исмаилия деген тармағына жататын. Олар өздерінің шежірелерін Исмаил ибн Жағфар ас-Садиққа тірейтін. Ибн Сина жастайынан олардың ақыл мен нәпсі туралы айтыс-тартыстарын естіп өсті. Олар арасында әкесі де бар оны өз топтарының пікірлерін ғана қабылдап, қалған топтардың сенімдерін мойындамауға шақыратын. Бірақ жас Ибн Сина олардың сөздеріне құлақ аса қоймайтын. Ақиқат туралы өзі ізденіп оқығанды қош көретін.
Содан кейін әкесі Ибн Синаның бір ғалымның үйіне әкеліп, оқуға береді. Ол ғалымның аты Абдулла ан-Нәтили болатын. Былайғы жұрт оны философ деп атайтын. Одан бұрын Ибн Сина Исмаил деген ұстаздан фиқһ ілімінен дәріс алды. Жас шәкірт қысқа мерзімнің ішінде фиқһ ілімін үйреніп қана қоймай, шариғат мәселелерін зерттеуде жаңа әдіс-тәсілдерін енгізіп, бұл ілімді жаңа деңгейге көтеріп, ұстазынан асып түсті. Ұстазы бір мәселе туралы айтса, ол мәселенің қыр-сыры мен анықтамасын одан гөрі айқынырақ жолмен жеткізетін. Исмаил ұстазы Ибн Синаға логика ғылымынан да дәріс берді. Бірақ бұл ғылымның ішкі сырларына дендеп ене алмай жалпылама таныстырумен ғана шектелді. Ұстазының бар білетіні сол болып шықты. Сондықтан да Ибн Сина логика саласында жазылған түсіндірме кітаптарын өз бетінше оқып, ақыры бұл ғылымды да жетік меңгерді.
Логика мен ақыли ілімдерді үйренген соң Ибн Сина енді медицина ілімін үйренгісі келді. Ақырындап осы пән бойынша жазылған кітаптарды алып оқи бастады. Ойы ұшқыр шәкірт медицина ілімін үйрену өзіне соншалықты қиын соқпайтындығын байқады. Сондықтан да бұл ілімді қысқа мерзімде үйреніп, жетік меңгерді. Тіпті медицина пәнінен беретін ұстаздарынан дәріс алып жүрген кездің өзінде ол шариғат мәселелері бойынша білімін жетілдіріп, ұстаздарымен пікір таластырып жүретін. Осы кезде Ибн Синананың жасы он алтыда болатын. Көп ұзамай Ибн Сина медицина пәнінен алған білімі арқылы ауруларды емдей бастады. Ол ем-домдарында оқу кезінде жүргізген тәжірибелеріне сүйенетін.
Бұл кезеңнен мүдірмей өткен Ибн Сина білімін әрі қарай жетілдіру үшін алуға бір жарым жылдай ден қойды. Қайсыбір қиын мәселеге кездесіп, түсінбей қалса, мешітке барып намаз оқып, Алладан сұрайтын. Сөйткенде қиын мәселе оңай шешіліп, көңіліндегі көп түйткілдердің шешімін табыла кететін. Кітап оқып отырғанда ұйқысыраса әл-қуатын қайтару үшін орнынан тұрып, бір кесе салқын су ішетін де оқуын әрі қарай жалғастыратын. Кейде тіпті, ұйықтап жатқанда да оқыған мәселелері туралы түс көретін. Осындай ыждағатты ізденістің арқасында Ибн Сина логика, физика, математика ғылымдарын жете меңгерді. Содан кейін Ибн Сина құдайлық ілімді үйренуге бас қойды. Сол үшін метафизика кітабын оқи бастады.
Бірақ алғашында миына ештеңе де кірмеді, бұл ілімнің қандай мақсатпен құрылғанын түсінбеді. Сөйтсе де түсінуге талпынып кітапты қырық мәрте оқып шықты. Ақырында оны жатқа айтатын да болды. Бірақ ілімнің ішкі мағыналарын түсінбей-ақ қойды. Бірде кітап сататын базардың мешітіне екінті намазын оқуға бара жатқан кезінде оның алдынан бір саудагер шығып, бір кітапты ұсынады. Ибн Сина кітапты бір аударып қарап шығып, өзіне керегі жоқ дүние деп ойлап иесіне қайтарып береді. Бірақ саудагер: «Сатып ал, мен саған арзанға – үш-ақ дирхемге берейін», – деп қоймағаннан кейін оны сатып алды. Үйіне келіп қарап көрсе, бұл Әбу Насыр әл-Фарабидің метафизика ілімі жайында жазған кітабы екен. Көктен іздегені жерден табылып, қырық рет оқып түсінбей қойған ғылымды осы кітап арқылы түсіне бастады. Ақырында кітапты бастан аяқ оқып шықты. Көңіліндегі көкейтесті мәселенің шешімінің тез табыла кеткеніне қатты қуанған ол Аллаға шүкірлік ретінде кедей-кепшіктерге садақа таратты.
Осылайша Ибн Сина он сегіз жасында барлық ғылымдардан мейірі қанғанша сусындап, бірін қалдырмай оқып шықты. Ол оқыған кітаптарының барлығын да жатқа айтатын. Ол кейбір ғылымдардағы алғашқы еңбектерін жас кезінде жазып шықты. Бірде Ибн Синаға бір кісі барлық ғылымдарды қамтитын еңбек жазу туралы ұсыныс айтады. Ол бұл ұсынысты құп алып, Әл-Мажмуғ атты кітабын жазып шығады. Бұл еңбекте математикадан басқа барлық ғылымдар түгел қамтылған болатын. Ибн Сина бұл кітабын жиырма бір жасында жазып шықты. Одан кейін жиырма томнан тұратын Әл-Хасил уа әл-Махсул деген басқа бір еңбегін жазды.
Келесі мақала