Басты жаңалықтар
Көкшетаудағы коммуналдық қызметтер қарызы бар тұрғындардың үйіндегі жылу құбырларын кесіп тастады
- автор kyn.kz
- 22 маусым, 2018
- 261
Тұрғындар қыста да жылусыз қалуы мүмкін
Шенеуніктер қыруар қазына қаржысын игере алмай жатқанда, қарапайым халық жылудан қағылғалы тұр. Коммуналдық қызметке қарызы бар көкшетаулық тұрғындар қордаланған 80 мың теңгенің кесірінен алдағы қыста жылусыз отырмақ. Себебі жергілікті жауапты мекеме жұрттың коммуналдық қызмет алдындағы қарызы 400 миллион теңгеден асқанын айтады. Арнайы мамандар халықтың төлемақыны кешіктіргенінен қып-қызыл шығынға баттық дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы сілтеме жасаған KYN.KZ хабарлайды
Тапа тал-түсте сау ете түскен «шақырылмаған» қонақтар Көкшетаулықтардың үрейін ұшырды. Есікті ашқан берешегі бар тұрғындардың кейбірі не айтарын білмей абдырап қалды. Аяқ астынан пәтерлерге бас сұққан коммуналдық қызмет өкілдері осындай «оңтайлы» шешім тауыпты. Бұл қадамға барғалы адамдардың басым бөлігі берешегін төледі дейді.
Түсіру тобын көрген тұрғындардың бірі тілшілерден сескенді ме, әлде алдағы уақытта сусыз, жылусыз қалғысы келмеді ме әйтеуір бас аяғы жарты сағаттың ішінде 3 жылдан бері қордаланып қалған 80 мың теңгеге жуық қарызын тауып берді.
Жылуға жауапты мекеме алдағы уақытта ережені тіпті қатаңдатпақшы. Қарызды төлемегені үшін үстеме қосылады ол бір. Одан бөлек, кесілген батареяларды қалпына келтіруге де қосымша ақы төлеу жүйесін енгізбек.
"Біз алдағы уақытта демалыс күндері де осындай тексерістерді өткізбек ниеттеміз. Тұрғындардың төлемі біздің ең негізгі табыс көзіміз. Сондықтан екі ортада біз шығынданып отырмыз" – дейді қалалық су арнасы бөлімінің басшысы Әсел Есенғожина.
Қала тұрғындары жылуға осы уақытқа дейін 298 миллион теңге берешек болған. Айналасы бір айда 43 пәтер жылудан ажыратылыпты. Ал, су мәселесінде де шығын шаш етектен. Одан қордаланған халықтың қарызы 140 миллион теңгеге жеткен.
Мамандар болса мұндай рейдтер қара күзге дейін жалғасады дейді. Оған дейін де қарызын өтемесе, берешегі барларды қақаған қыста да жылусыз, ауыз сусыз қалдырамыз деп, бекініп отыр.
Келесі мақала