Басты жаңалықтар
Түркістанда жылжымайтын мүлік бағасы шарықтап шыға келді
- автор kyn.kz
- 22 маусым, 2018
- 1.2k
Осы уақытқа дейін сатылмай тұрған жер телімдеріне бірақ күнде миллион теңгеден қосылған
ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП ШЫҒА КЕЛДІ Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы сол екен өңірде жылжымайтын мүлік бағасы шарықтап шыға келді. Осы уақытқа дейін сатылмай тұрған жер телімдеріне бірақ күнде миллион теңгеден қосылған. Қазір, қалада бос жатқан жер учаскелері қалмады, дейді тұрғындар. Ақшалы кәсіпкерлер мен алыпсатарлар көше көшені аралап, арзан пәтерлерді сатып алып жатқан көрінеді. Бұл туралы KYN.KZ Еуразия бірінші арнасы сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Осы күні Түркістандықтардың өн бойында қуаныш пен толқу бар. Бірі рухани қаланың облыс орталығы болғанын сүйіншілеп жатса, енді бірі соған сәйкес жылжымайтын мүлік бағасы аспандап кеткенін айтып ренжіп жүр. Мәселен, қалада ең арзан жер телімдері "Бекзат" шағын ауданында екен. Онда тұрғын үй салуға арналған он соттық жер 2,5 млн теңгеден сатылуда. Ал, қалаға кіре берістегі күре жолдың екі шеті 3 миллион теңгеден басталады екен.
«Бір танысым алды жерді 4 миллион теңгеге алды. Құр қара жерді ме? Ия, құр қара жерді. Бұрын ол жерлер 1,5 млн теңге болған 2 млн-ға жетпейтін. Бірақ, алды бір ай болған жоқ, сол 4 млн-ға алды» - дейді қала тұрғыны Ақерке Мәмбетәлиева.
Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, дәл қазір "Яссы" шағын ауданында жер телімінің бағасы күрт қымбаттап кеткен. Бұған дейін 500 мың нан 1,5 млн теңгеге дейін бағаланып келген 10 соттық жердің бағасы соңғы 4 күннің ішінде 3 млн мен 5 млн теңгеге жетіпті. Бірақ, бұл бағаның ішінде тек қана ауыз суы бар, жолы тартылған және электр жарығы жүргізілген жерлер ғана бар. Ал, басқа жерде баға сәл төмендеу
Бағаның басынғаны соншалықты кейбір бизнеске лайықты ұлтарақтай жердің ақысына қосымша 1 млн теңге қосылып кетіпті. Бұл бір түннің ішінде болған бәс сауданың келісімі. Мұны естіген жұрт жағасын ұстап жатыр.
«Бәрімізде естіп шошып кеттік. Бұл не болды сонда деп. Ілгеріде неге алып қоймағанбыз деп. Бұрын біз қымбатсынып алмай жүрдік. Өзіміздің қалтамызға лайықты, арзандау болады ма деп. Енді мынандай 1 миллион теңгенің қосылып кетуіне бізде таң қалып, шошып отырмыз» - дейді қала тұрғыны Ырысай Орынтайқызы.
Жердің бағасын білген соң одан әрі орталыққа бардық. Көпқабатты тұрғын үйлердің орташа ақысы құбылмалы болып тұр екен. Ең өтімді екі бөлмелі пәтер 3.5 миллион теңгеден басталып, 20 миллионға дейін жетіп жығылады. Жалға берілетін тәуліктік пәтерлер 3 мыңнан 5 мыңға дейін барады. Осыны естіп білген кейбір сатушылар бастапқы райынан айнып, әліптің артын бағуға көшкен.
«Енді ортада жүрген реалторлар мен делдалдар жерді қымбаттатып жүр. Түркістан облыс орталығы ашылғалы бері. Сондай естіп жатырмыз енді. Балдарға, қыздарға жер алып қоюымыз керек еді. Сондай қымбатшылық болып жатыр енді» - дейді қала тұрғыны Оразәлі Балтабаев.
Жеке кәсіппен айналысатын Нұрлан Қожабаев жуырда екі қабатты коммерциялық нысанның құрылысын аяқтап, енді жалға бермекші. Орналасқан жері де күре жолдың бойында. Сондықтан шаршы метрін 1500 теңге деп белгілепті. Енді саудасы келсе, клиентпен келісімшартқа тұруды көздеп жүр.
«Балабақшаға сұрап жатыр, бірақ, мен бергенім жоқ. Содан кейін ойын сауыққа алмақшы кафе етеміз деп. Одан кейін спорт барға айналдырмақшы болды, бірақ, мен бермедім. Енді менің ойымша офис немесе құрылыс заттарын сататын дүкенге жалға алса мен қарсы емеспін» - дейді кәсіпкер Нұрлан Қожабаев.
Жаңадан құрылған Түркістан облысына жетекшілік ету міндеті Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған Жансейіт Түймебаевқа жүктелді. Оны кеше облыс активіне Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев таныстырған-тын. Әзірге Жансейіт Қансейітұлы Түркістанда әкімшілік іскерлік орталығы салынғанша, аймақты Шымкент қаласында отырып, басқарады.