Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Сенатор: Қандастарға берілген үйде мал да тұрмайды

Сенатор: Қандастарға берілген үйде мал да тұрмайды
ашық дереккөз

Красный Яр ауылындағы әрбір үйді салуға бюджеттен 56 мың доллар бөлінген. Алайда құрылыстың сапасы сын көтермейді

Ақмола облысындағы Красный Яр ауылында қандастар үшін салынған "Нұрлы көш" шағын ауданының проблемасы ұлттық комиссияның қарауына шығарылады. Осылайша, 11 жылдық тарихы бар проблема шешілуі керек. Бұл туралы Отандастар қорының жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Былтыр бір топ сенатор сол ауылды барып көрдік. Шынымен де, көше тартылған, электр қуаты берілген. Ол жағынан бәрі жақсы. 276 үй салынған. Бірақ әңгіме сол үйдің сапасында болып тұр", - дейді Бақтиярұлы.

Оның айтуынша, ауылдағы әрбір үйді салуға бюджеттен 56 мың доллар бөлінген. Алайда құрылыстың сапасы сын көтермейді. 

"Мен бес үйді көріп шықтым. Қабырғасын гипсокартонмен салған. Төбесі өте жұқа. Фундамент те жоқ. Қыста қандастарымыздың барлығы туған-туысын жағалап кетеді екен. Ондай үйге ақша төлеу үшін жағдай болуы керек қой. Өзім бір тиын да төлемейтін едім. Кешірім сұраймын, біздің оңтүстік жақта ондай үйлерде мал да тұрмайды. Ал олар адам ғой, өз бауырларымыз", - деп ашынды Бақтиярұлы.

Бүгінде "Нұрлы көштің" үйлері қандастарымызға жалға беріліп отыр. Бірақ олар ақысын төлемейді, себебі жағдай жасалмаған. Жерді меншікке берсе, сапалы үйді өзіміз салып аламыз деп отыр.

"Сондықтан бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Ол – барлық жер учаскесін жекеменшікке беру. Бұл шешілетін дүние ғой. Премьер-министр бұл мәселені ұлттық комиссияның қарауына шығарамыз деді. Өйткені қарызын кешіріп, жерді жекеменшікке бермесе болмайды. Үкімет басшысы айтса, шешілуі керек қой. Жерді заңдастырып береді. Ал қарыздарын кешіруі мүмкін", - дейді сенатор.

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар