Тоқаев тапсырмасы:Қазақстандықтарға туды балконға ілуге рұқсат
- автор kyn.kz
- 27 қазан, 2020
- 269
Мемлекеттік туды қолдану аясы кеңеюі мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікірін твиттердегі парақшасына жазған. Оған ел азаматтарының ұсынысы себеп болыпты. Мемлекет басшысының айтуынша, заң ережелерін қайта қарау керек.
"Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтер балконына немесе үйдің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет",- деді Қазақстан Республикасының президенті Қасым- Жомарт Тоқаев.
Тоқаев парламент депутаттары мен ел азаматтарының мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізген. Жуырда «Борат-2» фильміне қатысты бірқатар елде болған келеңсіз жайттардан соң, қазақстандықтар әлеуметтік желілерде мемлекеттік туды қолдау акциясын өткізген еді. 2015 жылы ақпан айында елордалық тұрғын терезесіне туды іліп қойғаны үшін 400 мың теңге айыппұл арқалай жаздаған.
Онысын белгілі боксшымыз Геннадий Головкиннің жеңісіне қуанғанының белгісі деп түсіндірген еді. Қазіргі заң бойынша, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу көзделген. Немесе түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегіледі. Екі жылға дейiн бостандығы шектелуі, не сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.