Ащы шындық:Айгүл Орынбек Назарбаевқа жастар не үшін Қазақстанды тастап кетіп жатқанын түсіндірді
- автор kyn.kz
- 12 қараша, 2020
- 309
Құқық қорғаушы Айгүл Орынбек бүгінге дейін қоғамдағы заңсыздықпен, жемқорлықпен күресіп жүрген батыр қыз. Ол әкімдердің заңсыздығын әшкере етіп, қарапайым халыққа құқықтық көмек көрсетіп ел алғысына бөленіп жүр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Мен Қазақстаннан біреу бір жаққа көшіп кетіп жатыр дегенді естісем алаңдаймын. Егер біз олар көшіп жатқан елге қарағанда жақсы жағдай жасасақ, елді тастап не керек?" деген болатын.
Құқық қорғаушы желідегі парақшасында Нұрсұлтан Назарбаевқа өзі күнделікті көріп жүрген ащы шындықты, халықтың мұң-мұқтажына айналған қарапайым дүниелерді тізіп берді.
“Жастар елден не үшін кетіп жатыр?” деп сұрақ қойыпсыз, мен жауап берейін, қасыңыздағы шабармандарыңыз сізге айтпаған шығар!
Шенеуніктер ақпаратты өз пайдасына жеткізетініне көзім жетті!
Сол себепті сізге ашық айтайын!
Жастардың елден қашуына жемқорлыққа батқан жүйе кінәлі!
Бізде суы, жарығы, газы жоқ елдер бар екенін білесіз бе?
Білмесеңіз келіңіз Оңтүстікке, қолыңыздан жетектеп жүріп көрсетейін!
Мемлекеттен қаражат жеткілікті бөлінген, бірақ оны әкімнің туысқаны, депутаттың інісі тендер арқылы жеңіп алып, жасамай кеткен! Бұл мен айтып отырған бір ақ мысал!
Ауылдарда мәдениет үйі, кітапхана, спорт зал дегендер мүлдем жоқ!
Осыдан кейін жастар қашпағанда, кім қашады?
Цифрлық , техникалық тұрғыда әлем дамып жатқанда, қаланың өзінде интернет ұстамай тұрған елде кім тұрғысы келеді?
Халыққа соғылған үйлерді сапасыз қылып, оны екі есе қымбат бағада сатып жатқан елде кім тұрғысы келеді?
Айлығы, банкке төлейтін ипотекасына жетпейтін елде кім тұрғысы келеді?
Мұнайы өзінен шығып, бензині үш есе қымбат сатылатын елде кім тұрғысы келеді?
Жастары зейнетке келген ұйықтап отыратын Депутаттары бар елде кім тұрғысы келеді?
Қалталарын толтырып, өзінен кейін жастарға жұмыс істеткісі келмейтін әкім ағашкалар тұрғанда жастар елден кетпегенде, не істейді?
Айтарым да, жазарым да өте көп, егер шынында құлақ түрсеңіз!
Кетіп жатқан кілең білімді жас азаматтар!
Азаматтық қоғамы құрылмаған елден , әкімдердің былығын ашық айтып қудаланған елде, болашақта ешкім қалмайды!
Жастар елде қалсын десеңіз ауыл аймақтағы жергілікті басқару жүйесін өзгерту керек!
Ашық айтқаным үшін кешірім сұраймын, бізде әкімдер осылай шындықты айтқан халықты, полиция арқылы қорқытып кешірім сұратады.
Ол жайлы да айтып қояйын алдын ала!",- деді құқық қорғаушы Айгүл Орынбек.