Қаңтар қырғынында мерт болған жігіттің туыстары мәйітті полиция қазып алмасын деп зиратта күзетіп отыр
- автор kyn.kz
- 27 қаңтар, 2022
- 274
Алматы трагедиясының құрбаны болған азаматтың жақындары марқұмның мәйітін кезепен күзетіп отыруға мәжбүр деп жазды KYN.KZ Информбюроға сілтеме жасап.
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Аңсар Исламның зиратын жақындары 2 сағаттан кезектесіп күзетіп жүр. Өйткені, Шымкент қаласының полиция департаменті сараптама жасау үшін марқұмның мәйітін қайта қазып аламыз деген хабарлама жіберіпті.
Мұны көрген Аңсардың ет жақындарының төбелерінен жай түсендей болған. Жас жігіттің оққа ұшқанын растайтын сот-медициналық сараптама қорытындысы бола тұра, полицейлердің сүйекті қайта қазамыз дегені күмәнді дейді. Қабірді ашқан соң марқұмды террорист қатарына қосып, мүрдені кері бермей қояды ма деп күдіктенеді. Сондықтан, құзырлылардан қору үшін, күндіз-түні бейіт басына кезекшілік қойыпты.
Еңірегенде етегі жасқа толған Аңсардың нағашы әжесі мен атасы да қара суыққа қарамастан зират басында жүр. Қариялар жақында ғана арулап, жер қойнына тапсырған немересіне полицейлер тыныштық берсе дейді. Айтуларынша, Аңсар 5-ші қаңтарда Алматыдағы бүлік кезінде қаза тапқан. Ал жетінші қаңтарда жақындары оның мүрдесін жер қойнына тапсырыпты.
Қолдарында Аңсардың оққа ұшқанын дәлелдейтін сот-медициналық сараптаманың қорытындысы да бар. Соған қарамастан, арада бір апта өткен соң полицейлер марқұмның мүрдесін "қайта қазамыз" деген ескертпе қағаз жіберді дейді. Осыдан кейін туған-туыс жиналып, зират басын торуылдап жүр.
"Иә, күндіз түні осында қарауылдаймыз. Сменнен тұрып жатырмыз бала-шағамызбен",–дейді Марқұмның нағашы атасы Жарылқасын Жандарбеков.
Бұл хабар бәрінен бұрын Аңсардың анасы Жазираға ауыр тиген. Жүрегі қан жылаған ана, баласының қапияда қаза тапқанын айтады. Сөзінше, Аңсар әскери қызметкер болуды армандаған. Тіпті жұмысқа тиісті құжаттарын да тапсырып қойған.
Бірақ оған дейін таксист болып істей тұруды ұйғарыпты. Сол қаралы күні көшеге көлігінің майын ауыстыруға шыққан екен. Бірақ, көшедегі адамдар легінен қозғала алмай, көлігін жақын маңдағы үйлердің ауласына әзер кіргізіпті.
Ал өзі жол жиегіне шыққан бойда оққа ұшқан, дейді анасы. Сондықтан, өз жөнімен кетіп бара жатып қаза тапқан ұлының мүрдесін қорлатпаймын деп отыр.