Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Мәншүк Шымырбай орыс сыныбына өресі байланғандарды қазақыландырудың жолын ұсынды

Мәншүк Шымырбай орыс сыныбына өресі байланғандарды  қазақыландырудың жолын ұсынды
ашық дереккөз

Журналист Мәншүк Шымырбай өзі қазақ бола тұра балаларын орысша оқытқысы келіп, орыс сыныбын ашуды сұрап, тілегі орындалмағаннан кейін ұстаздар мен депутаттарды "Путинге айтам" деп қорқытпақ болған ата-аналарға ашулы. Ол өз тілінде сөйлеп, білім алудан қашатындарды тәрбиелеудің жолын ұсынды.

"Әлгі орыс сыныбына өресі байланып қалғандарды кеше “Тұран” этно-фольклорлық ансамблінің “Өртолғау” концертіне әкелу керек еді деп ойладым. Құлақтан кіріп, бойды алып, жан-жүйеңді шымырлатқан дауылпаз үн ұйықтап қалған қазақы рухты қоздырып, оятар ма еді.

Күй тақырыбы мен желісіне құрылған ЛЭД экрандағы көріністер де көрген жанды бей-жай қалдырардай емес. Тіпті залдың әр бұрышында топталып отырған шетелдіктердің делебесі қозып, браволап жатқанда селт етпеулері мүмкін емес",- дейді Мәншүк Шымырбай.

Журналистика саласында еңбек ете жүріп, жастарды шешендік өнерге баулып, шәкірт тәрбиелеп жүрген Мәншүк Шымырбай KYN.KZ тілшісінің бірнеше сұрағына жауап берген еді.

КҮН.КЗ: Кезінде көпшілік өзіңізді көгілдір экран арқылы жақсы таныды. Қазір эфирде жоқсыз, немен айналысып жүрсіз, қайдасыз?

Қалың көпшілік біле бермес, дегенмен әріптес ретінде сіз жақсы түсінесіз деп ойлаймын. Тележурналистика ұжымдық жұмыс. Бір адам бір бағдарламаны жалғыз алып шыға алмайды. Көрініс, дыбыс, жарық, үйлестіру, музыка, қойылым - осының бәрі бір бағдарламаның өн бойынан табылса әр істің артында бір-бір кәсіби маман тұрғаны.

Кезінде "Қазақстан" Ұлттық арнасында, кейін "Хабар" арнасында тікелей эфир жүргізіп, кәсіби шыңдалдым. Көрерменге есімімді таныстырған да осы екі арна болды. Құқықтық сауатты көтеру, білікті заңгерлер кеңесін ұсыну форматындағы интерактивті құқықтық бағдарлама апта сайын тікелей эфирде жүрді. "Желтоқсан 177", "Әділет арнасы” көп мәселенің шешімін тауып, өткір әлеуметтік құқықтық проблемалар  бойынша кеңес беретін, әділдік іздеген адамдар іздеп келетін бағдарламаға айналды.

Ал “Хабар” арнасында күндізгі жаңалықтар мен экономикалық жаңалықтар жүргіздім. Кейіннен жұмыс бабымен астанамызға ауысып, жұмысымды халықаралық "Qazaq tv" арнасында жалғастырдым. Арнаның жаңалықтар қызметінде осы күнге дейін еңбек етіп келемін. Көрерменнің көз жазып қалғаны да осы тұстан басталса керек.

Күнделікті жаңалықтардың қазанында қайнап, ақпараттық жұмыстардың жүгін арқалап жүрген жайым бар. Мәртебелі көрермен жүзімді көрмесе де, кадрдан тыс дауысымды күнделікті жаңалықтардан және арнаның "Beyond time" бағдарламасынан ести алады.

      КҮН.КЗ: Сіз  алғашқы қадамдарыңызды неден бастап едіңіз?

Алғашқы қадам дегенде ең алдымен бала арманым еске түседі. Алаңсыз, сенгіш, асқақ арман! Бала кезімде әуелде жазушы болғым келді. Кейін тележүргізушілерге еліктеуді шығардым. Қымбат Досжан, Дана Нұржігіт, Ләззат Танысбай жүргізетін кешкі эфирлерді отбасымызбен тегіс көріп, кейде отырып талдайтынбыз.

Үйде оңаша қалу мүмкіндігі бола қалса анамның костюмдерін киіп, өрілген бұрымымды түйіп жіберем де үйдегі газеттерден соңғы ақпараттарды қиып аламын. Айнаның алдына жайғасып дауыстап, мәнерін келтіруге тырысып оқи жөнелемін.

Өзімдегі ауылдың ішіндегі үйімнің аядай бөлмесінде емес Алматының кең телевизиялық студиясында отырғандай сезінуші едім. 2008 жылы "Хабардың" бояну бөлмесінде кезінде өзім көгілдір экранның арғы бетінен ғана көретін медиа тұлғалармен бір отырғанымда арманның алапат күш екеніне шын сендім.

Ал алғашқы тырнақалды туындыларым, шағын әңгіме өлеңдер болатын. Олар мектеп қабырғасында жүргенімде “Ұлан” газетіне жарияланып тұрды. Ал 1994 жылы “Ұланның жас тілшісі” деген бас редактор Сұлтан Қалиевтің қолы қойылған куәліктің мектебіме іздеп келуі арманыма қанат бітіре түскені анық.

Бұл куәлік менің журналистика әлеміне жолдамамдай көрінген еді.  Нағыз кәсіби еңбек жолын 1999 жылы 31 арнада “Информбюро” жаңалықтарында бастадым. 3 курсты бітіріп, практикаға келген студенттің талабын байқап, жұмыс істеу жайлы ұсыныс жасаған журналист Бауыржан Айтқазин еді.

Бұл редакция нағыз журналистік жұмыс, тілшілік тіршілікпен таныстырды. Алғашқы ұстаздарым бекзада болмысты Бейсен Құранбек, майталман мамандар Сәуле Сәкенова, Берік Уәли, журналистика корифейі Иманбай Жұбай ағайлар. Ол кісілерге алғысым шексіз.

КҮН.КЗ: Қазір немен айналысып жүрсіз?

Қазір негізгі жұмысым әлі де телевидениеде.  Сонымен қатар халықпен тығыз байланыста болғаннан кейін, көп жастардың оқушылардың сұрауымен «Шешендік өнер» араторлыққа баулитын, сауатты жазып ойын анық жеткізгісі келетін адамдарға көмектесіп жүрміз. Бұл курсты 2017 жылы аштым.

Жеткен жетістіктерімде аз емес. Мысалы курста оқыған стунденттерім бірнешеуі республикалық арнада жұмыс жасап жатыр. Өмірі мақала жазбаған адамдардың мақалалары газет беттерінде жариялануда. Ең бастысы курссыма қатысқан адамдар ішкі қорқынышын жеңді деп айтсам болады. Олар көпшіліктің алдында мәнді мағыналы сөз сөйлеуден ұялмай, өз ойларын анық жеткізеді. 

КҮН.КЗ: Сіз оқу бітіріп, жұмысты бастаған кезбен салыстырғанда телеарнада жұмыс істеу процессі қазір қаншалықты өзгерді?

Қазақта 50 жылда ел жаңа деген мақал бар. Бірақ XXI ғасыр ақпараттар, технологиялар  ғасыры болғаннан кейін, ғаламдану прцессі тым жылдам жүріп жатқаннан кейін 50 жыл деген өте көп уақыт. Мысалы мен бастаған 2000 жылдары ақпарат алу үшін үлкен камералармен микрафонмен касетамызды ұстап алып жүгіріп жүретінбіз, ол материалды түсіріп алғаннан кейін де біраз жұмыстар атқарылады. 

Бұл тым ұзақ процесс еді. Ал қазір бәрі оңай жылдам жүзеге асады.  БАҚ пен Әлеуметтік желілер бірігіп кеткені рас . Қазір адамадардың теледидар қарауға уақыттары жоқ, бірақ есесіне әлеуметтік желіге уақытының көп бөлігін жұмсайды. Осыны түсінген ақпарат құралдары арнаның жұмысынан бөлек SMM-нің жұмысын жақсы бір арнаға қойып алды.

Менің ойымша ақпарат құралдар әрі қарай да, түрленіп,әр тараптана береді, осының әсерінен кәсібилікке талаптар да жоғарылайды. Бір қуантатыны қазір креативті дүниеге шығармашылыққа жол ашық.

Қанша тәжірибелі болсада  журналист болдым, толдым демей журналистиканың барлық қырын меңгеруге тырысу керек деп ойлаймын. Сонда ғана өзіміз қызыға қарайтын шет елдің БАҚ өкілдерінен аспасақ, кемтүспейтін боламыз.

КҮН.КЗ: Журналистика "қыз баласына ауыр болады, қиын" дегенді көпшілік әсіресе үлкен буын жиі айтады. Сол қаншалықты рас?

Бұл сұрақтың өзі қәзір актуалды емес деп ойламын. Себебі бұл сөзіме дәлел осы салада еңбек етіп жатқан қаракөздерімізде аз емес. Отбасында, ошақ қасында жұмысында тең дәрежеде алып жүрген әйелдер өте көп. Бастысы ниетімен мамандығына деген жүрегіндегі махаббаты болса, бәріне үлгереді деген ойдамын.

Қәзіргі телебағдарламаларға көңіліңіз тола ма? 

Қәзір рейтинг қуған әр түрлі бағдарламалар бар. Мысалы, қыз бен жігітті таныстырып сол жерде әр түрлі тақырыпқа пікір алмасып, ойларын білдіреді,тікелей эфир болсада ауыздарынан бей әдеп сөздер шығып тіпті төбелесетін жерлері де аз емес.

Бұл көп қаралым, жоғары цифр жасаудың амалы. Алайда  халықтың тарапынан қанша сынға ұшырап жатса да, бір аранадан жабылса, екінші арнадан  түрленіп, бет бейнелерін аттарын өзгертіп екінші арнадан түк болмағандай шыға береді.

Әрине мәнді мағыналы сұхбаттар, бағдарламалар бар бірақ халық көп көрмейтін болғандықтан, көпшіліктің талғамына сай деген дүниені желеу етіп алдық. Салыстырмалы түрде алып қарасақ осыдан 10 жыл бұрын теледидарда кәрістер мен түріктердің телехикаялары қаптап кеткен еді.

Отандық өнімдерімізді қанша сынасақта, қәзір біраз уақыт өткеннен кейін  ауыз толтырып мақтанып айтатын дәрежеге де жеттік. Бұндай сапасыз бағдарламада біраз уақыттан кейін нарықтан ысырылып ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін бағдарлама шығады деген ойдамын.

"Ел боламын десең эфиріңді түзе"  қазақтың айтулы мақалының мәнін сәл өзгертіп халық зиялылары құлаққа сіңірген кезде, көпшілік қуана қабылдады. Себебі телебағдарламаның қоғамдық санаға тигізетін ықпалы өте үлкен. Осы ретте телеарналардағы қаралымды көбейту мақсатында қолдан жасалатын арзан қойылымдардың азаюын қалар едім.

Бұл бүгінгі телевизияда болып жатқан құбылыс. Оны біз жоққа шығара алмаймыз. Бұны телевизия саласында істеген маман біледі, ал аңқау халық шынайы екен деп ойлайды. Алдағы уақытта жасандылықтың тамыры жойылса деймін.Телевизияға кәсібилік жылдамдық, оперативтілік келсе нұр үстіне нұр болар еді.

КҮН.КЗ: Сұхбатыңызға рахмет

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар