Басты жаңалықтар
Тағы бір қалада жылу электр орталығының жұмысы істен шыққан
- автор kyn.kz
- 29 қараша, 2022
- 280
Өскемен жылу электр орталығының жұмысы да сыр берді. 28 қараша күні мектептерде сабақ уақытша тоқтап, оқушылар қашықтықтан білім алды. Кейбір мекеме мамандары мен жастар көше тазалап жүрген жұмысшылар мен аялдамадағы жолаушыларға ыстық шай таратты, деп хабарлайды KYN.KZ.
Аязда Өскемен жылу электр орталығы пәтерлерді жылыта алмай жатыр. Желідегі су мөлшері көбейіп, салдарынан температура түсіп кеткен. Тұрғындар пәтерлерінің суып жатқанын айтып шағымданды. Оның себебі қазандық агергаттарының бірінде датчик істен шыққан. Алайда екі сағатта жөнделіп, қайта іске қосылған.
Үскірік аяз қоғамдық көлік қозғалысын қиындатып, 40%-ы желіге шықпаған. Желіге шыққандары да қайта-қайта сынып, жарамай қалған. Оны ауыстыратын келесі транспорт шығамын дегенше аялдама адамға толып қалады. Суыққа шыдамай электр сымдары үзілген трамвайлар да сыр берді.
Қалалық жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры Нұрсұлтан Кәрібеков текникалардың суыққа шыдамай жатқанын тілге тиек етті.
«Техниканың аты техника, шыдамай жатыр. Мәселен жүріп келе жатып сынып қалған автобусты өздерінше жөндемек болған екі жүргізушіміз қолдарын үсітіп алды. Негізінен олар сол жерден жолаушыларды түсіріп, автопракке қайту керек еді, бірақ адамдарды тиісті аялдамаға жеткізіп салмақшы болып жанталасқан. Сондықтан ешкімге оңай тимей тұр», - дейді директор.