Басты жаңалықтар
Депутат толық емес отбасыларға 2 пайызбен баспана беретін бағдарламаны қайтаруды ұсынды
- автор kyn.kz
- 29 қараша, 2022
- 212
Барлығына баспана үлестірілді деген есеп берілгенімен ел бойынша 88 соғыс ардагері үй кезегінде тұр екен
Толық емес отбасыларға ипотеканы 2 пайызбен берген «Бақытты отбасы» бағдарламасын қайтару қажет. Cенатор Серік Шайдаров Үкімет сағатында осы мәселені көтерді. Депутаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы ипотекалық бағдарламалар халыққа қолжетімсіз, деп жазды KYN.KZ 31 арна жаңалықтарына сілтеме жасай отырып.
Ал, толық емес отбасылар үшін жылдық мөлшері 2 пайыз емес, 5 пайыз болатын ипотекалық бағдарламаны енгізу тіптен көптің наразылығын туғызған. Десе де жауаптылардың бұл мәселеге айтар уәждері жоқ емес.
Бүгін депуттар тұрғын үй саласы бойынша көпті алаңдатқан сұрақтарды алты сағат бойы талқылады. Әсіресе сенаторлар «Бақытты отбасы» бағдарламасының кезегінен толық емес отбасылардың алынып тасталғанына наразы.
Қазір жалғызбасты аналар үшін 5 пайыздық "Шаңырақ" бағдарламасы бар. Ал Еңбек министрлігі бұл бағдарлама басталғалы елімізде ажырасу екі есеге көбейген дейді. Сондықтан, бағдарламаға қайта толық емес отбасыларды қосу мәселесі әлі де сараланады.
"Мұндай отбасылар Шаңырақ бағдарламасымен өтеді. Біз қазір «Бақытты отбасы» бағдарламасына жетім балаларды, тағы да мүгедектер 1-ші, 2-ші топтағы. Оларға өту керек осы 2 пайыз бойынша бағдарлама. Қазір 51 миллиард теңге бөлінді. Біз конкурс өткіздік. 5 мың орынға мысалы 35 мың өтініш болды",- дейді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова
Сенатта жаға ұстарлық деректі келтірген екен. Сексен сегіз Ұлы Отан Соғысының ардагері әлі күнге дейін үй кезегінде тұр деген ақпарат айтылды. Бұл қалай болғаны сонда? Неге осы уақытқа дейін ақсақалдарымыз әлі үй ала алмаған?
Қазақстан бойынша 88 ардагер үй кезегінде тұр екен. Бірақ, 2015 жылы президентке жергілікті әкімдіктер соғыс ардагерлерінің барлығы баспанамен қамтылды деген есеп берілген еді.