Басты жаңалықтар
Несиелік қарызы көбейіп кеткен қазақстандықтар уақытша төлем жасаудан босатыла алады
- автор kyn.kz
- 23 желтоқсан, 2022
- 292
Қарызға батқан адам заңды түрде төлем жасауды жұмысы жүрген кезден бастауына рұқсат беріледі
Қиын жағдайға тап болып, борышын өтей алмай жүрген қазақстандықтар төлемді кейінге шегеруге мүмкіндік алып отыр. Демек, адам жұмысқа орналасып, несиесін өтеуге жеткілікті табыс таба бастағанда төлемге қайта кіріспек, деп хабарлайды KYN.KZ сайты Информбюроға сілтеме жасап.
Бұл бастама микрокредиттер нарығын реттеп, халықтың қарыз жүктемесін азайту мақсатында іске асырылады. Әрі қаржы қауымдастықтары мұндай әрекетке амалсыз барып отырған секілді. Себебі президент миллиондаған халық бір кредитін жабу үшін тағы бірін алуға мәжбүр деп мәлімдеген еді.
Соңғы жылдары проблемалық кредиттердің көбейгені жасырын емес. Ал екі-үш жыл ішінде онлайн несиелерге қатысты алаяқтық деректері еселеп артты десек қателеспейміз.
Оған бірнеше фактор әсер етті. Мәселен, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған қаржы ұйымдары кісінің түр-түсіне қарамай, қарыз жүктемесін тексермей сұрағанын берді. Себебі микроқаржы ұйымдары үшін аз күнге жоғары ставкамен берілетін несиелер пайдалырақ болғандай. Әрі олар тұтынушы туралы ақпаратқа уақытылы қол жеткізе алған жоқ.
Кейін жағдай ушықты. Ел бір несиені жабу үшін тағы бірін алды. Депуттар болса, онлайн кредит беру жүйесіне қатысты сұрақ көптігін айтып, мәселе көтерді. Сөйтіп, қаржы нарығын реттеу агенттігі мен қаржы қауымдастықтары бірлесіп, ахуалды тұрақтандыруға кіріскен. Соның нәтижесінде, проблемалық қарыз алушылар саны 3,5 есеге төмендепті.
Демек, берешегін төлемегеніне 90 күннен асқан борышкерлер саны 496 мыңнан 140 мыңға дейін азайған. Ал қарызды ішінара кешіруге 2 миллиард 185 миллион теңге жұмсалыпты.