Басты жаңалықтар
Шымкенттік келін: Күйеуім отбасыда жалғыз ұл болғандықтан 5 әпкесі маған "күйеу" болып алды
- автор kyn.kz
- 23 желтоқсан, 2022
- 694
29 жастағы келіншек: 5 баланың анасымын, қайын апам балаларымның көзінше мені ұрған кезі болды
Гүлназ есімді 5 баланың анасы тұрмысқа шыққаннан бері күйеуінің әпкелерінен қорлық көретінін жазды. Сөзінше басындағы бұл жағдайды көршілері білгенімен өз ата-анасына тіс жарып айта алмайды екен. Себебін, өз ата-анасы зейнет жасында, алаңдап денсаулықтарына зиян келеді деп түсіндірді.
"Мен 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Сарыағаш ауданына қарасты ауылды жерде тұрамыз. Күйеуімнің 5 әпкесі бар. Барлығы да тұрмыста. Бірақ неге екенін білмеймін бізді яғни күйеуім екеуімізді үнемі қадағалап, бақылап отырады. Қартайған 78 жастағы енем бар. Ол кісі басында мені жақсы көретін. Соңғы кездері жекіп сөйлеп, әр ісімнен қате тауып отыратын болды.
Күйеуім екеуіміз бір- бірімізді сүйіп қосылдық. Артық еш дүниеміз жоқ. Күнкөрісіміз егін шаруашылығы. Бірақ сол 5 қайын апам біздің көктемде қандай егін егетінімізге дейін, сол егіннен түсетін ақшаға не алатынымызды барлығын айтып отырады. Тіпті мен алғашында 4 қызды қатар босандым. Сол үшін де айыпты болдым. Тіпті "Қыз туаберетін қатынды құрт" деп күйеуіме де айтты.
Баланы адам қолдан жасап, дүкеннен алғандай жынысын таңдай алмайтынын қалай түсінбейтіндерін білмеймін. Ауылды жерде бес баламен олар ойлағандай "әдемі, таза, пысық" әйел болып жүру мүмкін емес. Енемнің өзі сөзінен жаңылып, күтім қажет ететін балаға айналды.
Сол кісі қыздарына менің дұрыс күтім жасамайтынымды айтып шағымданыпты. Үлкен қайын әпкем келіп ай-шайға қарамастан үйге келіп, қолына түскен затты лақтырып, мені сыпырғышпен ұрып кетті. Менің осындай қысымда өмір сүретінімді көршілеріміз де біледі. Бірақ өз анама ешқандай үйдегі ұрыс-керісті айтқан емеспін. Тіпті, айтуға қорқамын.
Өйткені олардың өздері зейнет жасында. Қан қысымдары көтеріліп, ауырып қалады ма деп алаңдаймын. Күйеуім болса мені жақсы көретінін айтады. Анасының қартайып қалғанын, қалай болсын оның көңілін табуым керектігін айтады.
Тіпті әпкелерінен мені қорғай да алмайды. Қорғап сөйлемейді де. Себебі үйдің кенжесі, әпкелері не айтса да дұрыс, сөз қайтаруға болмайды деген түсінік бар. Кейде ызам келіп өкіріп жылап аламын. Ауылды жер болғандықтан осында қалған, араласып тұратын келіншектеріміздің барлығында өмірлері менікіне ұқсас.
Бірінің енесі жаман, бірінің қайнысы, бірінің қайын апасы немесе қайын сіңлісі қысым жасап жүреді. Мен тіпті өсіп кележатқан төрт қызымның болашағына алаңдаймын. Келін болу, бүкіл қайын жұртқа жағу қаншалықты қиын, ертеңгі күні бұл қыздарға қандай отбасы кезігер екен деп қорқамын.
Осы қайынжұрттағылар келін дегеннің де көңілі, намысы, орны бар екенін білсе екен деймін. Мен осындай жағдайда бұл отбасындағы әділетсіздікті қалай жеңсем болады? Кім маған ақыл, кеңес айта алады?",- деп жазыпты 5 баланың анасы.