Түркістан облысында жауын-шашын салдарынан Кентау, Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Сауран, Ордабасы ауданындағы бірнешене ауылды су басты. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді.
Қоғамдық белсенді Олжас Мамыр әлеуметтік желіде Сауран ауданы Абай ауылынан видео таратты. Онда жауын суының көшелерді алып кеткені байқалады.
Департамент дерегінше, жауын суы көшелер мен аулаларға кірген. Үйлердің су басуына жол бермеу амалдары жүріп жатыр.
«Қатты жауын-шашын мен қалың қардың еруі салдарынан су деңгейі көтерілді, содан кейін еңіспен төмен қарай су тасқыны болды. Соның салдарынан Кентау, Түркістан қаласы және Бәйдібек, Ордабасы, Сауран ауданындағы аулалар мен көшелерді су басып, су басқан аулалардың саны анықталуда. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ» делінген хабарламада.
Аталған хабарламалар бойынша жергілікті атқарушы және төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері тарапынан аумақтан су сорып, шығару жұмыстары жүргізілуде.