Басты жаңалықтар
Қаңтар оқиғасы жайлы кинокартинка түсіріліп бітпей жатып көпшілікке жақпай қалды (видео)
- автор kyn.kz
- 6 ақпан, 2023
- 293
Көпшілік қанды оқиғаға тарихи баға берілмей жатып, сот үкімі оқылмай тұрып, кино түсіру басталып кеткеніне таң
Қазақстандық белгілі блогер, бұрынғы депутат Қайрат Құдайбергеннің өзі уақытша тергеу абақтысында отырғанымен оның желідегі парақшасын жүргізіп отырған туыстары бар. Олар Қаңтар оқиғасының желісі бойынша түсіріліп жатқан Qaitalanbasyn кинокартинкасының желіде тараған видео үзінділеріне шүйлікті. Әрі "қанды оқиға бойынша сот бітпей жатып, киноның бағыты қалай алдын ала белгілі болды? Онда тергеу бітпей жатып не айтуға болады?" деген сұрақтар қойған, деп жазды KYN.KZ сайты.
«Тергеудің айтпаған шындығын, үкіметтің орнатпаған әділдігін кинодан көреміз деп ойламаңыз!
Қаланың қақ ортасындағы көшелерді жабу үкіметтің ғана құзырында. Бұл кино үшін көше бір емес бірнеше рет жабылды. Одан бөлек құзырлы органдарға тиесілі қаншама арнайы техникаларды көріп отырмыз. Осының бәрін ескере отырып киноның басты продюссері Қазақстанның үкіметі екенін білуге болады!
Бізге көрсетілген кадрлардан «киносымақты» қандай сарында өтетіні белгілі. Қара киген халық бәріне кінәлі. Әдейі жағымсыз пікір тудыру үшін оларды қараға бүркеп, беттерін жасырып қойған. Жауыз халықтан бірін бірін құтқарып жүрген батыр полицейлер. Осылай жасау арқылы жазықсыз өлімдер мен жазықсыз қамауларды ақтап алғыларыңыз келе ме?
Бұл кино емес - Бұл әруақтарға деген құрметсіздік! Бұл шындық емес - Бұл халықтың бетіне түкіргенмен бірдей өтірік! Бұл біздің халықтың мәдениетіне күмән туғызу! Бұл қазақтарды варвар қылып көрсету. Уақыт өтеді, шындық ашылады! Арларыңды сатқандарың дәлелденеді! Халық ақымақ емес !
P.S Кинода 5 жасар қызды қалай өлтіргенін, бөпелі ананы қалай атқанын көрсетіңдер. Кім атқанын да айтыңдар», - деп жазылған белсендінің парақшасында.
https://youtube.com/shorts/ib9C0RVGnpU?feature=share
Фильмнің бас продюсері – Анар Жүнісова. Фильм қаңтар оқиғасы туралы баяндайды.
Фильм прокатқа шыққан жоқ, бірақ фильмнің түсіріліп жатқаны туралы ақпарат дүрбелең туғызды.
Фильмнің бас продюсері Анар Жүнісованың айтуынша, әлеуметтік желінің кейбір қолданушылары фильм туралы ақпаратты тым саясиландырып жіберген.
"Олар бір ғана кадрды көріп, осы кадрдың негізінде шу шығарды. Әлі түсірілмеген фильмді қалай сынауға болады? Фильмнің түсірілім тобын бес жас режиссер басқарады, олардың төртеуі дебютант. Бұл негізінен эксперимент. Неліктен мұндай тақырып алынды? Өйткені бұл біз үшін өте өзекті", – деді Жүнісова.
Келесі мақала