Басты жаңалықтар
Төреғалидің келіншегі Толқын ерекше баласымен дұрыс қарым -қатынаста болу үшін психологқа барған
- автор kyn.kz
- 7 ақпан, 2023
- 251
Әншінің жары бүгінде ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға кеңес беріп жүр
Әнші Төреғали Төреәлінің жұбайы, Ислам аясындағы психолог, ҚР психологтар қауымдастығы мүшесі Толқын Тұрарбекқызы тұңғыш қызы мен кіші балаларының арақатынасы туралы айтып, көптің жүрегін елжіретті, деп жазады KYN.KZ. Психологтың айтуынша, науқас болып туған қызы Кәусарды қалған балалары ерекше жақсы көреді. Кәусардың аузынан шыққанын бұлжытпай орындап, бір зат алса да, жесе де, үлкен әпкесін ұмыт қалдырмай, бөліп беріп не оған да қоса алатынын айтты.
«Олар бір-бірін жақсы түсініп, тәтесі жұмсаса жүгіре жөнеліп, сыртта жүріп, өздеріне бір зат алса, тәтесін де ұмытпай, қуантуға асығып жүреді. Осыдан кейін Алланың шексіз мейірімді екеніне қалай ғана титтей де күмән келтірейін?! Мен Аллаға шексіз шүкір етемін! Балаларымның Кәусарға деген қарым-қатынасына қарап, ары қарай да дамуға, алға ұмтылуға үлкееен мотивация аламын».
Бүгінгі таңда Толқын Тұрарбекқызы өзін психология саласы бойынша дамыту үстінде. Тіпті оған Кәусардың ем орталығының басшысы психолог ретінде өзге аналарға кеңес беруін сұраған.
«Мен психолог емеспін ғой» деп едім. «Сіз өзіңіздің тәжірибеңізбен бөліссеңіз, балаңызбен қалай қарым-қатынас жасайсыз, аналарға сол жағынан кеңес жетіспей жатады» деді».
Сондай-ақ Кәусардың өзінің өміріне үлкен өгерістер алып келгенін айтады. Науқас қызын тәрбиелей отырып, иманының күшейіп, Алланың берген нығметін сезінуді үйренгенін де жасырмады.
«Ең бірінші – иманым күшейді. Мен адамдарға шағым айтпай, тек Алламен тілдесуді үйрендім. Екінші – сабырлылықты үйрендім. Алла маған нені хайырлы етсе, соған шүкір етемін. Ойлаған ойларым, жоспарларым болмай жатса, Алла менен жақсы біледі, демек ол хайырлы емес деймін. Үшінші – Алланың сансыз, есепсіз беріліп жатқан нығметтерін сезінуді үйрендім. Төртінші – адамды тілсіз түсінуді үйрендім. Адамға мейіріміңнен асқан ештеңенің қажеті жоқ. Бесінші – ештеңені күтпеуді үйрендім. Бәрін тек Алланың разылығы үшін жасап, тек Алладан берекетін тілеуді үйрендім».
Басты айтатын мәселе – Тұрарбекқызының психологияға келуіне осы тұңғышы себепкер болған. Ол Кәусар ем қабылдап жүргенде сол орталыққа келуші өзге де балалардың ата-аналарын қабылдай бастаған. Психологиялық кеңес беруді бір бастаған соң тастағысы келмей, ары қарай осы салада өзін сынап көруді ойлап, дамуға бел буады.
«Өзімнің жаныма жақын нәрсені тапқандай болдым. Аналардың шағымын естіп отырып, мен олардың жанын түсіндім, жүректің түбіндегі уайымын сездім. Сонда мен аналарға керекпін деген сезім пайда болды. Солай біраз уақыт тегін консультация беріп жүріп, кәсіби түрде психолог мамандығын оқуды қолға алдым. Бүгінде білімімді тоқтатпай, шыңдап келем. Себебі бір адамның жанын түсініп, ол өзінің сұрағына жауабын алып кеткенін қалаймын. Пайдамды тигізе алатын, берекелі білім берген Аллаға сансыз шүкір етем», - дейді психолог Толқын Тұрарбекқызы.
Келесі мақала