Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Түркістандық әйел: 50-ге келгенде тапқан адамыммен ажырассам өзім қиналам, ажыраспасам ересек ұлдарым маза бермей отыр

Түркістандық әйел: 50-ге келгенде тапқан адамыммен ажырассам өзім қиналам, ажыраспасам  ересек ұлдарым маза бермей отыр
ашық дереккөз
30-ға жақындаған ұлдарым туған әкелері сияқты жалқау, үйде ұйықтайды. Елден ұялғаннан тамақтарына дейін мен алып беремін
Түркістан тұрғыны өзінің екінші рет тұрмысқа шыққанын, екінші күйеуін ұлдарының ұнатпайтынын айтады. Балаларының айтқанына көніп, күйеуін үйінен шығарып жіберейін десе, өзінің қиналатынын ойлап, көргені көп көпшіліктен ақыл-кеңес сұрайды, деп жазды KYN.KZ. 23 жыл отасқан күйеуіммен ажырастым. Себеп – өзіне ашына тауып алуы. Жаныма қатты батқаны – күйеуімнің бар еркелігін көтердім. Жұмыс істеп, отбасыны асырау ойына да кіріп шықпады. Оған қарамай өзім саудамен айналысып, несиеге көлік алып бердім. Ал ол сол көлігіне отырып алып, көңілдесімен сайран салып жүрген. Ажырасу процесі өте ауыр болды, екеуіміз төбелесуге дейін бардық. Көлікке таластық, артынша оның көңілдесін тауып алып, онымен жанжалдастық. Ал күйеуім жеме-жемге келгенде соны қорғап шықты. Үш баламыз бар. Екі ұл, бір қыз. Үлкен ұлымыз қазір 25-те. Әке-шешесінің осылай екіге айрылғаны, әлбетте балалардың жандарына қатты батты. Әсіресе екі ұлдың. Күйзеліске ұшырап, бір жылдай жұмысқа шықпай қойдым. Күні-түні бүктүсіп жатып, тіпті ас та батпай қойды. Осылай қиналып жүргенімде анам марқұм көп көмектесті. Ақылмен де, ақшамен де. Бір күні 10 жастағы қызым қатты жылады. «Қашанғы осылай жатасың» дегенде есімді жидым. Араласып жүрген әйелдер көңілімді көтермек болып, ара-тұра кафеге апарып жүргенде бір еркекпен таныстым. Сол кездері ол да әйелінен бөлек тұрып жатыр екен. Шындығында, мен оны жақсы көрмедім. Рас, мүлде ұнамады деп те айта алмаймын. Бірақ жалғызсырап жүргенімде демеу болды. Алғашында қыз бен жігіт сияқты жұрттан жасырын кездесіп жүрдік. Мен саудама қайтып оралдым. Арада бір жылдай уақыт өткенде ол «жарыққа» шыға бастады. Дәл қазір ол маған қатты керек. Жұмысы жоқ болғандықтан маған көмектесіп жүреді. Әйтеуір көлігі бар. Ал саудада көлік аса қажет. Соның көлігімен таңғы сағат алтыда базардан базарға тауар тасимыз. Базар тарқағанда тауарларды қоймаға өткіземіз. Ал ұлдарым өкінішке қарай, әкелері сияқты жалқаулау. Бар тапқан-таянғанымды солардың ауыздарына тығамын. Жұрттан кем болмасын деп киім әперемін. Ал жігітім еш ренжімейді. «Сені қатты жақсы көремін, аяймын. Сондықтан да бәріне көнемін» деп отырады. Оған өз басым сенемін. Балаларым екі күннің бірінде қазіргі күйеуіммен алысады. Үлкен ұлым бірде ішіп алып, шу шығарды. «Сені басқа еркектің қойнында жатқаныңды көргім келмейді» дейді. Оны да түсінемін. «Олай болса, Мараттың жасағанының бәрін істе, қуып жіберейін» дедім. Солай жасадық та. Алайда екі ұлым да сөздерінде тұрмады. Бар-жоғы бір аптадай көмектесіп жүрді де, кейінірек айқайлап-аттандап жатсаң да, ұйқыдан тұрғыза алмайтын халге жеттім. Өстіп жүргенімді естіп Марат базарға келіпті. Жылап жібердім. Жалғыз өзім қиналып жүр едім. Сөйтіп Марат өмірімде қайта пайда болды. Ал балаларым баяғы әндеріне қайта басты. Кейбіреулер «Ұлдарың ер жетті. Олар енді өз күндерін өздері көрсін. Сенің өз өмірің бар. Ақыры саған жандары ашымайды екен, өз қамыңды өз ойла» деген ақыл айтады. Олар менің бауыр еті балаларым ғой. Оларды тентіретіп қойып қалай жайбарақат жүрмекпін? Мен тек солар үшін өмір сүріп жүргенім жоқ па? Қысқасы, «шақшадай басым шарадай болды». Шынымды айтсам, өмірден шаршадым. Тіпті туған-туысқан, таныс-тамырлардан да қатты ұялатын болдым. Жасы 50-ге келген әйелдің «сожитель» еркекпен көңіл қосқаны жақсы емес. Оны білемін. Бірақ басқа амалым жоқ қой. Мен бір күн саудаға шықпадым ба, сол күні үйде тамақ жоқ деген сөз. Ал әкелерінен еш қайыр жоқ. «Баяғы әйелге қосылып, жағдайы жақсы болып кеткен бе» деп қалмаңыздар, ол қазір ішімдікке салынып кеткен. Бұрындары менің айқайыммен ғана арақ ішпей жүретін. Не істеймін? Қатты шаршадым!
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар