Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ғылыммен өрілген ғұмыр: Академик Абдильдин Жабайхан мерейлі 90 жаста

Ғылыммен өрілген ғұмыр: Академик Абдильдин Жабайхан мерейлі 90 жаста
ашық дереккөз
Қазақстандық философиялық ғылымның дамуына негіз болған, философия ғылымдарының докторы, академик Абдильдин Жабайхан биыл мерейлі 90 жасқа толып отыр. Ғалым 400 ғылыми еңбектің, 35 монографияның авторы, Қазақстандық диалектикалық логика, тарих философиясының жетекшісі, Қазақстандық философиялық ғылымның негізін қалаушылардың бірі. Павлодар обылысының, Май ауданының Майтүбек ауылында дүниеге келген,   Жабайхан Мүбарақұлының өмір тарихы ғибратқа толы. Жас ғалымның еңбек жолы қайта құрылған Ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер лауазымынан басталады. Ғалымның естеліктерінде бұл кезең жайында «Философия институтына ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа шақырған академик С.Зиманов еді. Іскер басшының ұлағатын көріп, сенімін ақтау үшін жатпай-тынбай еңбек етіп, әрдайым шығармашылық атмосферада жүретінбіз»- дейді, замандастары. Жабайхан Мүбаракұлы 1975 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1983-ші жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі болып сайланып, 1986-95 жылдар аралығында ҚР ҰҒА вице-президенті қызметін, 1990 – 2005 жылдар аралығында халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің төрағасы, депутат, 1998 – 2006  ҚР Президенті  жанындағы адам құқығы жөніндегі Комиссия төрағасы қызметін атқарды.  width= Академик Ж.М. Әбділдиннің  философия ғылымы саласында, Қазақстанның тәуелсіздік тұғырын қалыптастыруда тындырған істері ұшан теңіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, оған энциклопедиялық тағылым, тамаша шешендік шеберлік пен әрқашан ымыра таба білу қабілетінің үйлесімділігін көрсетті. Ғалыммен иық тіресе еңбек еткен Ағын Қасымжанов, Әбдімәлік Нысанбаев, Муханмадияр Орынбеков, Лев Науменко, Мамия Баканидзе, Герасим Югай, Александр Хамидов т.б. танымал ғалымдардың философияға деген сүйіспеншілігі негізінде ортақ идеяны тиісті теориялық дәрежеде құра отырып, Қазақстандық диалектикалық бағытты әлемдік философиялық дискурсқа енгізді, диалектикалық логика мен ғылым әдістемесінің аса күрделі философиялық мәселелерінің көтерді. Жабайхан Мүбәрәкұлының 70-80 жылдары қазақ зиялылары, қоғамдық-саяси көрнекті қайраткерлері - Шәкәрім Құдайбердіұлын, Мағжан Жұмабаевты, Жүсіпбек Аймауытовты, Ахмет Байтұрсынұлын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде атқарған еңбегі келешек ұрпаққа, ғалым жастарға баға жетпес еңбек болды. Тәуелсіздік дәуірінде ғалым шығармашылығындағы философиялық зерттеулердің ауқымы айтарлықтай кеңейіп, қазақ философиясы зерттеле бастады. Жабайхан Мүбәрәкұлы кейінгі жылдары қазақ философиялық ой-пікірлері бағытында Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов,  Мұхтар Әуезов шығармашылығына, қазақ философиясының, ойдың даму диалектикасына арналған бірқатар монографиялар жазды. Осындай мазмұнды еңбек пен ғылым жолында Жабайхан Мүбарақұлы әлемдік философия ғұламалары Платон мен Аристотельдің, Кант пен Гегельдің, Абай мен Шәкәрімнің ізгілік философиясын бойына әбден сіңіріп, өмірлік қағидаға айналдырды. Ғалым бүгінге дейін 20-дан астам ғылым докторын, 42- ден астам ғылым кандидатын дайындаған. Қазіргі таңда антикалық және неміс классикалық философияны жетік меңгерген, бар күші мен дарынын ғылымға арнаған Жабайхан Мүбаракұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрметті профессоры философия кафедрасының докторанттарына дәріс оқып, ғылыми жұмыстарға жетекшілік етуін тоқтатпай, Қазақстандық ғылымының дамуына сүбелі үлесін қосуды жалғастыруда. Міне,  Ж. М.Әбділдиннің Қазақстан ғылымының мәртебесін көтеруде атқарылған істерінің дәлелі. Дүниежүзілік философиялық ой тарихында өшпес ізі бар академик Әбділдиннің болмысына тән рухани ізігілігі, әділдігі мен шыншылдығы, оның жаңашыл ойлары Қазақстандық ғылымның жаңа рухани кеңістігін қалыптастырып, қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосып отырғаны сөзсіз.  

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 3 курс докторанты Б.Қ. Абылханова

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар