Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Мәдина Нұркемелова: «Енем мен қайынапаларым күн көрсетпей үйден қуып шықты»

Мәдина Нұркемелова: «Енем мен қайынапаларым күн көрсетпей үйден қуып шықты»
ашық дереккөз
Мәдина Нұркемелованы қыстың қақаған аязында енесі екі қызымен далаға қуып шыққан, деп хабарлайды «Көреміз» тележобасына сілтеме жасаған KYN.KZ ақпарат агенттігі. «Ақ босаға аттағаныма он жыл болса да, көз жасым бір құрғамады», - дейді  Мәдина Нұркемелова. Тіпті отбасындағы соңғы жанжалдан соң қайын енесі  келіншекті екі қызымен бірге үйден қуып шыққан. Мәдинаның айтуынша, енесінің озбырлығына қайын әпкелері кінәлі. Тіпті енесінің немерелеріне деген көңілін де суытқан. Оған жалғыз себеп, күйеуінің қарындастары қара шаңырақты ешкіммен бөліскісі келмейтін көрінеді. Алайда қайын жұрты мұндай ақпаратты жоққа шығарып отыр. Келіншектің артық жүрісін айтып, мәселенің тек үйде емес екенін жасырмады. Мәдинаның күйеуі қыздары мен жұбайының көше кезіп жүргенінен бейхабар сынды. Отбасындағы басты мәселеден гөрі мансабын айтып, бақытты екенін жеткізді. Күйеуі Жүсіп Нұрқалиев кезінде Чайковский атындағы музыкалық колледжде білім алмақ болған. Бірақ қу құлқынның соңынан кеткен ол өнерін ащы суға айырбастап жіберген. Оңалту орталығында емделіп шықса да, ізін суытпай бұрыңғы әдетін жалғастыра берген. «2010 жылдан бастап арақ іше бастадым. Мәдина шешемнің тырнағын да алады, моншаға да түсіреді. Басында екеуінің ара-қатынасы жақсы болған. Ортасында өзімнің әпкелерім кірісіп бәрін құртты. Үйді Мәдина екеуміз күрекпен жүріп салдық. Анам Мәдина мен қыздарыма шығыңдар деп айтты», - деді Жүсіп. «Әуелі енеммен қарым-қатынасымыз жақсы болған. 2011 жылы 24 жасымда келін болып түстім. Қазір үш балам бар. Күйеуімнің кішкене ішімдікке салынатыны бар еді. Бір жыл тоқтайды, сосын қайтадан ішіп алады немесе алты ай тоқтайды сосын қайтадан ішіп алады. Күйеуімді ешқашан далаға тастап көрмеппін. Қанша қаңғырсам да, мен күйеуімді больницаға апарып жатқызуға тырысатынмын. Күйеуімнің тұрақты жұмысы да, білімі де жоқ», - дейді Мәдина. «Мәдина бес күн қалада, қалған екі күн үйде болады. Сол уақытта шайымды құйып, тамағымды береді. Тырнағымды алса, моншаға барып жуындырса, келіндік міндеті емес пе? 10 жыл бір шаңырақ астында өмір сүрдік. 10 жылдың ішінде 10 рет кетіп 10 рет келді. Ең соңғы рет кеткенде өзім «кет» деп айттым, оған дейін ешқандай озбырлық жасаған жоқпын. Тілінен тауып отыр. Тілі ащы. Байды бай демейді, енені ене демейді. Мені билегісі келеді. Тіпті құдағиым да өз шаңырағымда мені боқтап кетті», - деп ағынан жарылды Мәдинаның енесі Зияда Нұрқалиева. «Мен ешқандай былапыт сөз айтқан жоқпын. Мен қызымды той жасап, шығарып салдым. Тіпті құдалық та жасаған жоқ. Жоқтан басқа түк айтпайды. Үлкен кісі ғой деп үндемедім. Бәріміз шаршадық, 10 жыл болды бұның күйеуінің ішкеніне. Мәдина оны жылда емдетеді. Қуып жібереді үйінен, қызым үйде айлап жатады. Кішкентай немерелерін іздеп келмейді де. «Ол сенің де немерең, өзің бақ» деп отырады. Қызым алқаш баласын адам қылып отыр, жоқтан бар жасап, таңнан кешке дейін жұмыс істейді, еңбекқор», - деп жауап берді құдағиына Мәдинаның анасы Бақытжан Чалбосынова. «Менің қазір бауырымның осы халге жеткеніне мына әйел кінәлі. Мен бұл үйге қанша қаражат салғанымды барлық чектерімді әкеліп дәлелдей аламын. Ол үйді мына анам үшін салдым. Келінім жақсы болса, бауырым жақсы болса, осылар тұрсыншы деп салған болатынмын», - деп Мәдинаның қайынапасы Мәнсия да қарап қалмай өз ойын ортаға салды. Ақыры Мәдина Жүсіптің үшінші әйелі екені және 17 жыл бойы оның ішкілікке салынғаны белгілі болды. Ащы суға тойып алған Жүсіптің өз шешімін айтты. Оның айтуынша, ең алдымен арақты қойып емделгісі келеді. «Мен әйелімнің жанында қалғым келеді. Қыздар мүлдем араласпауларың керек еді», - дейді ол. Ал  Мәдина өзінің бұл шаңыраққа ешқандай арам ойы болмағанын, алдағы уақытта Жүсіппен бірге тұра алмайтындығын жеткізді.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар