Басты жаңалықтар
Атырауда 23 млн теңге пара алған көлік инспекциясы қызметкеріне сот үкімі шықты
- автор kyn.kz
- 22 ақпан, 2023
- 309
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының 13 серіктестіктен 23 млн теңге пара алған қызметкері сотталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 3,4-тармақтарымен (Ірі мөлшерде бірнеше рет пара алу) қозғалған облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманына қатысты қылмыстық іс Атырау қалалық №2 сотында қаралды.
«Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы С. ірі габаритті немесе ауыр салмақты көлік құралдарының Атырау облысы аумағынан кедергісіз қозғалуына ықпал жасағаны үшін 2020-2022 жылдар аралығында 13 ЖШС-дан бірнеше рет ірі мөлшерде пара алып келген. Жалпы сомасы 23 817 000 теңгені жұбайының, анасының, енесінің, әріптесінің жұбайының атындағы «Kaspi Gold» қосымшасындағы шоттар арқылы алған. Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, жедел-тергеу әрекетінің нәтижелерімен, бейнежазбалармен, арнайы тексеру құжаттарымен, сот фонографиялық, сот психологиялық-филологиялық сараптамалар және аудиторлық қорытындылармен дәлелін тапты», - деп мәлімдеді қалалық сот баспасөз қызметі.
Тергеуші сотталушыға 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындауды ұсынды. Өзіне тағылған айыппен келіспеген сотталушы ақтауды сұраған.
Сот үкімі бойынша өмір бойына мемлекеттік қызмет саласында еңбек ету құқығынан айырылып, 8 жылдық мерзімге сотталды.