Басты жаңалықтар
Таразда оқушы өрт құрсауында қалған адамды іздеп табатын робот құрастырды
- автор kyn.kz
- 1 наурыз, 2023
- 227
Тараздық 9-сынып оқушысы Вячеслав Кузьмин өрт кезінде адамдарды құтқаруға көмек беретін робот ойлап тапқан. Робот өрт кезінде тілсіз жауды сөндіріп қана қоймай, қою түтін ішінен өрт құрсауында қалған адамдарды да іздеп таба алады.
Бұл туралы KYN.KZ тілшісі Kaz.nur.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Вячеслав Кузьмин кішкентайынан робот жасауға қызығушылық танытқан. Жасөспірім 5-сыныптан бастап мектептен тыс уақытта "Техникалық шығармашылық орталықта" қосымша білім алады екен. Аталған жобаны ол орталықтың тәлімгері Айнұр Сұраншиеваның жетекшілігімен жасап шығарған.
"Бұл идея Байзақта болған апаттан кейін өмірге келді. Шынайы прототип жасайық деп ойлап отырмыз. Роботты әлі де жетілдіре түсу қажет. Отқа төзімді металлдан датчик жасауымыз керек. Қазір де отты өшіре алады. Бірақ ПВХ-дан құрастырылғандықтан отқа төзімді емес. Қолда бар материалдардан жасадық", - дейді Айнұр Сұраншиева. Вячеслав роботқа "Темір - батыр" деп ат қойған.
"Роботтың алдында кедергі болған заттарды итеруге арналған арнайы құрылғысы бар және алдында орналастырылған камерасы арқылы сыртқы жағдайды бақылай алады. Робот ішінде екі бак бар. Оны жағдайға қарай көпіршікпен немесе сумен толтыруға болады. Сұйықтықты кем дегенде 5 метр қашықтыққа шаша алады. Роботты қашықтан басқару мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ роботтың ультрадыбыстық қондырғысы бар. Ол оттың ошағын табуға көмектеседі", - дейді Вячеслав Кузьмин.
Алдағы уақытта роботты тағы да жетілдіріп, дронмен байланыстыру арқылы көпқабатты үйлерде өрт болған жағдайда жылдам әрі сапалы әрекет ету мүмкіндіктері де ойластырылуда. Робот әзірге патенттелмеген. Жас өнертапқыш өз еңбегін төтенше жағдайлар департаментінің мамандарына таныстыруды жоспарлап отыр.