Басты жаңалықтар
Таразда газға уланған бір отбасының 5 мүшесін инспектор мен мектеп директоры қалай құтқарғандарын айтты
- автор kyn.kz
- 9 наурыз, 2023
- 334
Директор мен учаскелік полицей мектепке келмеген баланы іздемегенде 5 адам бақилық болатын еді
Жамбыл облысының полиция департаменті газдан уланған отбасының қалай құтқарылғаны туралы мәлімет берді, деп хабарлады KYN.KZ тілшісі Polisia.kz. сайтына сілтеме жасап. Оқиға 6 наурыз күні сағат 22:00 шамасында болған.
Тараз қаласы ПБ 2-ші полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермековтың айтуынша, ол мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаевамен бірге оқушының сабаққа келмеу себебін білу үшін оның үйіне келген.
Мектепке келмеген 8 жасар баланың ата-анасы қоңырауға жауап бермеген. Мекенжайға келген полиция инспекторы қақпаны қаққанда да оны ешкім ашпаған. Көршілерден сұрағаннан кейін, кешеден бері отбасын ешкім көрмегені белгілі болды.
Әлішер Ермеков көршісінің рұқсатымен үйдiң ауласына кiрген.
"Терезеден біз баланың еденде ес-түссіз жатқанын көрдік. Ойланбастан терезені сындырып, бөлмеге кірдім. Үйде каустикалық иіс болды, мен тұрғындардың көміртегі тотығымен дем алғанын түсіндім. Бірден газды жауып, барлық терезені аштым", – деді Әлішер Ермеков.
Барлық бөлмені аралап шыққан полиция қызметкері 58 жастағы отағасын, оның 47 жастағы әйелін, олардың 12 және 10 жастағы қыздарын, сондай-ақ 8 жасар ұлын далаға шығарған.
Полицей зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі қажетті көмек көрсетіп, кейін жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Отбасы дереу ауруханаға жатқызылды.
Дәрігерлердің айтуынша, егер оларға көмек сәл кешiккенде, ешкімді құтқару мүмкін болмас еді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерінің және мектеп директоры орынбасарының үйлесімді және жедел іс-қимылдарының, немқұрайлы қарамағандығының арқасында отбасының барлық мүшесінің өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Тараз қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде бір отбасының бес адамы газдан уланып, ауруханаға түскені хабарланған болатын.