Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Тоқаев:Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық белең алады 

Тоқаев:Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық белең алады 
ашық дереккөз
Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр, мемлекеттік органдар басшылары мен әкімдер қатысқан кеңесте айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесіне баса мән беру керек екенін айтты.
"Елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет. Ең алдымен, ел мүддесіне және әр адамның құқығына басымдық беріледі", – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін.
"Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар. Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық болады. Бұл қағида – барлығына ортақ", – деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекет басшысы халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайту маңызды міндет екенін айтты.
"Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келе жатқанын атап өтті.
"Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр", – деп толықтырды президент.
Этносаралық қарым-қатынас мәселесі әрдайым өзекті болып қала береді.
"Этносаралық келісімді нығайту – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жалпы азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет", – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы рухани құндылықтарымызды сақтау маңызды екеніне назар аударды.
"Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар