Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

32 жастағы әйел перзентханаға үш-ақ рет барып, жеті баланың анасы атанған

32 жастағы әйел перзентханаға үш-ақ рет барып, жеті баланың анасы атанған
ашық дереккөз
Сайрам ауданында 32 жастағы әйел перзентханаға үш-ақ рет барып, жеті баланың анасы атанған.
Ерекшелігі – барлық баланың туған күні 8-і екен. Үйдің үлкендері Фатима мен Зухраның туған күні 8 мамырда, үшем Разия, Рабия және Раяна 8 шілдеде, кенже егіз Хусан мен Хасан 8 қарашада туған. Сондай-ақ, бауырлардың барлығының арасы – алты жас, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. "Мұның қалай болатынын өзім де білмеймін. Алғаш рет егіз босанатынымды білгенде, қатты қуандым. Менің де, жұбайымның да қанында егіздер бар. Менің анамның әпкесі екі рет егіз туды, күйеуімнің туған әпкесінің егіз ұлдары бар”, – деді Дильфуза Мирзакулова. Дильфуза медициналық колледждің "акушер" мамандығын бітірген, сондықтан жүктіліктен қорықпай, балаларға қалай күтім жасау керек екенін білген. Десе де, екі нәрестеге күтім жасауда қиналған. “Фатима мен Зухра "кесарь тілігі" отасының көмегімен уақытынан бұрын туды. Әрқайсысының салмағы екі келі болған. Алғашында әйелге анасы мен енесі көмектескен. Кейін өзі бала тәрбиесімен оп-оңай айналысты. Бір уақытта Фатиманы ұйықтатып, Зухраны тамақтандырып үлгеретін. Келіншектің айтуынша, қыздар сабырлы болған әрі жұбайы көмектесіп, түнде оянғанда бірге қарасқан. Бес жылдан кейін Дильфуза екінші рет жүкті болды. Бұл кезде кесарь тілігінсіз өзі туамын деп ойлағанымен, үшем екені анықталғасын ол мүмкін болмады. Жүктілік кезінде түсік түсіру қаупіне байланысты ауруханаға жатуға, бірнеше апта бойы дәрігерлердің бақылауында болуға тура келген. "Дәрігерлер үшем болатынын айтқан кезде, шошып кеттім. Адам екі рет егіз тууы мүмкін деп ешқашан ойлаған емеспін. Жүктілік кезі қиын өтті. Соңғы айларда мүлдем жата алмайтынмын. Қыздар жеті айлығында кішкентай болып дүниеге келді. Үлкені 1770 грамм, екіншісінің салмағы бір жарым килограмнан сәл аз, ал үшіншісі – 1750 грамм. Үлкен егіз бір-біріне ұқсамаса, үшемдерді бір-бірінен айыру қиын болған. Жас ананың өзі айыра алмайтын, бірақ бүгінде отбасы үшін әрқайсысы әртүрлі. “Балаларға сүт берген кезде алма-кезек қойып жатқанда, қайсысын тамақтандырғанымды білмей қалатынмын. Үшеуі қатарынан бір уақытта жылайтын. Барлығы бір уақытта жеп, ішкісі келеді. Оларды тыныштандыру үшін үшінші қолды қайдан алуға болатынын білмей қалатынмын”, – дейді үшемнің анасы. Ұлдары дүниеге келгенге дейін жас отбасы күйеуінің ата-анасымен бірге тұрған. Бірақ інілері үйленіп, балалы болғандықтан, басқа жерге көшуге мәжбүр болды. Алайда олардың әлі күнге дейін баспаналары жоқ. Содан кейін егіз ұлдар дүниеге келді. “Күйеуіміз осыған дейін ұл жоқ деп қынжылған емес. Рустам әр баласын ерекше жақсы көреді. Олар өскен сайын қиындықтар да ұмытылады. Бірақ іштей барлық ер адам ұлды болғысы келеді деп ойладым. Бірде одан тағы да балалы болғым келетінін айттым, ол қарсы болған жоқ”, – деді көпбалалы ана. Ол отбасыда көп бала болған жақсы, бірақ материалдық жағынан қиын екенін атап өтті. Оның үстіне жалдамалы үйде тұрады. “Үлкен қыздарым жақында он төртке толады, оларға бөлек бөлме керек. Ал қазір бәріміз бір бөлмеде өмір сүреміз. Тұрғын үй мәселесі шешілсе, бәрі басқаша болар еді. Бірақ әзірге бізде үй немесе пәтер салуға жер жоқ. Оларды алуға да мүмкіндік болмай тұр”, – деді әйел. Жақында көп балалы ана мемлекет оларға қалай көмектесе алатынын сұрау үшін ауылдық әкімдікке жиналысқа барған. Алайда жауапқа қанағаттанбаған. АӘК ресімдеу керек екені айтылды. Ол әйел декреттік демалыста болған кезде және отбасының табысы аз болғанда беріледі. Содан соң ЖТҚ-да жерге кезекке тұра алады. “Пәтерге кезекке тұрғым келді, ал маған жауап ретінде “егер тұрғын үйлер салынбаса, біз оны қайдан табымыз?” деді. Қалада үшем туғандарға пәтер беріледі, ал бізге бір қап ұн мен 10 мың теңге әкелінді. Таныстарым маған Шымкентте тіркелуді ұсынды. Сол жерде емханада медбике болып жұмыс істедім. Қалада және ауылда заңдар бірдей емес пе? Күйеуім Шымкентте жұмыс істеуіме қарсы, ол экскаватор айдайды, еңбектен қашқан емес. Рас, қазір жұмыссыз қалды, қосалқы жұмыс істейді”, – деді жеті баланың анасы. Отағаларының жалақысы төмен, отбасы Хусан мен Хасанның жәрдемақысына күн көреді. Ұлдар әлі жүре алмағасын балабақшаға қабылданбайды. Сол үшін Дильфуза жұмысқа шыға алмайды.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар