Басты жаңалықтар
Сайлау-2023: Бас прокуратура тыныштық күніне қатысты мәлімдеме жасады
- автор kyn.kz
- 17 наурыз, 2023
- 242
Еліміздің Бас прокуратурасы 19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлау алдындағы тыныштық күні талаптарын еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін сағат 00:00-де сайлауалды үгіт жұмыстары кезеңі аяқталады. Ертең, 18 наурызда және дауыс беру күні – 19 наурызда кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабы). Сонымен қатар 14 наурызданбастап БАҚ-та сауалнама нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға, кандидаттарды қолдауға дауыс беруге байланысты өзге зерттеулерді жариялауға да жол берілмейді.
Яғни сауалнаманы дауыс беруге арналған үй-жайда немесе бекетте жүргізуге болмайды («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы)», - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар еткен заңды тұлғалар ғана сайлау учаскелерінен шыға берісте сауалнама жүргізе алады. «Аталған сауалнамалардың нәтижелерін БАҚ-да дауыс беру күнінен кейін, яғни 2023 жылғы 20 наурыз сағат 00:00-ден бастап жариялауға рұқсат етіледі. Конституциялық заңның осы талаптарын орындамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Аталған заң талаптары Парламент Мәжілісі депутаттарымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына да қатысты», - дейді ол.
Келесі мақала