Басты жаңалықтар
Талдықорған соты үш жасар баланы ұрып өлтіріп алған күтушіге үкім шығарды
- автор kyn.kz
- 15 сәуір, 2023
- 262
23 жастағы күтушіні марқұм сәбидің анасы кешірді
Талдықорғанда үш жасар Дэвидті ұрып өлтірген бала күтушісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 24 жастағы сотталушы енді жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түрмеде өтейтін болады.
Естеріңізге сала кетейік былтыр қыркүйек айында Талдықорғанда үш жасар баланы ұрып өлтірді деген күдікпен оның күтушісі ұсталған болатын. Артынша әйел үйқамаққа жіберілді. Сот өздерінің бұл әрекетін, күдіктінің бұрын сотталмағанымен және магистратурада оқитындығымен түсіндірген еді. Бірақ, қоғамның наразылығынан кейін бала күтушісі қайта қамауға алынған болатын.
Сот процесі жабық түрде өтті. Айта кетейік, 3 жастағы Дэвидтің анасы Мадина Таукенова бала күтушіні ғаламтор арқылы тапқан. Бірақ, соңында төлейтін қаражат таппағандықтан бүлдіршінмен қалған әйел сәбиді анасына көрсетпей қойған. Артынша сотталушының Дэвидті ұрып-соққаны белгілі болды.
"Кінәні жеңілдететін мән-жағдайларды, яғни сотталушының бұрын сотты болмағандығын, шын жүректен өкінуін, жәбірленушінің оны кешіруін және кінәні ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып сот сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді",–деді Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров.