Басты жаңалықтар
Ақтаулық дәрігерлер перзентхана алдын тойханаға айналдыратын ата-аналарға ренжіді
- автор kyn.kz
- 15 сәуір, 2023
- 723
Дәрігер: Іште жағдайы мүшкіл халдегі бала, ана бар. Дәрігерлердің өз жұмысын жасауына той-думан кедергі
"Баланы перзентханадан шығарып алу үлкен шоуға айналып барады". Осылай деген Ақтаудағы облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері тұрғындарға ренжулі. Айтуларынша, сәбилерін сән-салтанатпен қарсы алатындар перзентхана ауласында әуен ойнатып ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелдер мен шала туған балалардың тыныштығын бұзады, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі Информбюроға сілтеме жасап.
Күн сайын орталықтың алды тойдағыдай би алаңына айналып, қымбат көліктерге толады. Тіпті түрлі мультфильм персонаждарының киімін киген аниматорлар да бұл орынды бизнестің ошағына айналдырған. Ол аздай музыкалық аспапта ойнайтын әншілерді жалдап, дрон ұшыру да тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналып барады екен.
Бірақ, жаңа босанған ана мен өмірге келгеніне бір апта болмаған сәбиге тыныштық керек дейді дәрігерлер. Сондықтан олар қуанышын атап өтушілерден концерттік бағдарлама жасамай-ақ, балаларын үйлеріне тыныш шығарып алуды сұрап отыр. Оның үстіне мұндай той-думан жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатқан немесе шақалағынан айырылып қалған аналарға ауыр тиетінін айтты.
"500-600 граммен босанған нәрестелер 3 ай, 4 ай бойына өздерінің даму сатысынан өтіп жатыр. Оларға тыныштық жағдай бірден бір керек талаптың біреуі. Біздің өзіміздің мамандардың, дәрігерлердің зейін қойып жұмысты жалғастыруына да соңғы кезде кедергі келтіріп отырғанын жасыра алмаймыз", – дейді Маңғыстау облыстық Перинаталдық орталығының қоғаммен байланыс бойынша маман-дәрігері Ақмарал Ізтұмарова.