Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Жүрсін Ерман 12 күн жансақтау бөлімінен шыққан сәтте: Намаз оқымасам болмайды екен

Жүрсін Ерман 12 күн жансақтау бөлімінен шыққан сәтте: Намаз оқымасам болмайды екен
ашық дереккөз
Ақын Жүрсін Ерман Еуропаға барып емделіп келгеннен кейінгі денсаулық жағдайы жайлы айтты
Айтыс ұйымдастырушысы, ақын Жүрсін Ерманның соңғы бір жылдан бері сырқаттанып жүргенін қалың қазақ жақсы біледі. Жұрт өнер қайраткеріне тілекші болып, үнемі жағдайын желі арқылы біліп тұруды әдетке айналдырды десек те болады. Осы жолы ақын Мұхамеджан Тазабеков өнердегі әкесі Жүрсін Ерманның жағдайын біліп, қалың жұртқа хабарлады, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі.
"Айтыстағы әкеміз, өмірдегі көкеміз Жүрсін ағаға сәлем беріп, хәлін сұрап, батасын алып қайттық.
Әуелі Алла, одан соң елдің тілегімен ортаға оралып, өз үйі, өлең төсегінде ем алып, демалып жатқан ағамыздың жүзін көріп, лебізін тыңдап қуанып қалдық.
 width=
Алланың тағдырынан қашып құтылған кім бар?!
Бірақ араңнан алыстап кетуге қимайтын, алдыңда ұзағырақ жүруін қатты қалайтын ерлер бар.
Жүрсін ағамыз сондай тұлға ғой.
Ашуланғаны - нардың ботасын қарпығанындай залалсыз, қуанғаны - жоғалғаныңды тауып бергендей жан жадыратқан, тіл қатқаны - таудан тас домалағандай жалт қаратқан ерекше қасиеттердің иесі - тұғырлы қазақ Жүрсін ағамыз ғой.
Дүние төңкеріліп тұрса да әділін айтатын, мың қарға қарқылдағанын қаласа да қыран мінезінен қайтпай саңқ ете қалатын, озғанды күндемей, ор қазғанды тілдемей әр шаруаның ортасын ұстайтын осындай оғыландар күн сайын азайып бара жатқаны - рухани көштің кері бұрылып, төрдің күн сайын жұқарып бара жатқанының көрінісіндей...
Аллаға дұға қылып, абыз ағамыздың амандығын тілеп қайттық. Жан жары, сүйікті серігі Бақытжамал апамыздың аяулы алақанында тұрғанын, жүрегі мақтадан жұмсақ, көкжиектен кең Ардақ қызының қамқорлығында екенін көріп, көңіліміз тынышталып тарқастық.
Иманды құлдың досы - бір Алла ғой!
Сырты сан түрлі бояумен құбылса да пенденің жүрегіндегі иманын бір Алладан басқа ешкім білмейді.
Ағамыз он екі күн жан сақтау бөлімінде жатып, арғы дүниеге барып келгендей хәлден оянған бетте де, ең бірінші : "Ардақжан, намаз оқымасам болмайды екен" деп, тіл қатуы да, жүректе не бар екенін көрсетіп тұр ғой...
Елдің батасын алып, көптің дұғасында жүрген асыл ағамызға бір Алла жар болсын!
Ұл-қыздары мен ұрпақтарының қызығын көріп, шәкірттері мен жанашыр жұртының құрметіне бөлене берсін!",-деп жазды Мұхамеджан Тазабек.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар