Басты жаңалықтар
Қатерлі ісік пен өкпе қабынуына таптырмас ем дегендер есек сүтін 50 мың теңгеден сатып жатыр
- автор kyn.kz
- 11 мамыр, 2023
- 600
Шымкенттік емші есек сүтімен әлем медицинасы қауқарсыздық танытқан дерттерді қайтардым деп отыр
Есектің сүті - 50 мың теңге. Желіде жылқы тектес жануардың сүті қызу саудаланып жатыр. Неге қымбат дейсіз ғой? Емшілер төрт аяқтының сүті түрлі ауруға шипа екенін айтады. Анау-мынау емес, өкпенің қабынуы, онкологиялық ауруларды емдейді, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі Астана арнасына сілтеме жасап. Әншейінде есекке келгенде, «Еңбегі адал, еті арам» дейтініміз бар. Бірақ мына жазба тарағанда, түрлі диван сарапшылары, «Есектің сүті шынымен пайдалы», деп жарысты. Ауырған басыңды жазып, солқылдағанды басып жібереді – дейді. Керек десең, емі жоқ деген дерттен де айықтыратынын айтады. - Міне, дайын, ішіп алыңыз! - Негізі мұны жаңа сауылған күйінде ішу керек дейді ғой. Сіздер әзірге желідегі жазбаларды оқи тұрыңыздар. Иә, қазір желіде мұндай жазба көп. Айтпақшы, мен қазір ғана мынаны іштім. Дәмі жаман емес. Денсаулыққа да пайдалы. А, жоқ, қателеспеңіз, бұл есектің емес, биенің саумалы. Мұның қаншалықты пайдалы екенін бәріміз білеміз. Ал, жылқы тектес жануардың сүтінде шипа бар ма деген сауалды жергілікті тұрғындарға қойдық. Көбі есекті шаруаға пайдаланғаны болмаса, ішуге қарсы екендерін айтты. Халық пікірі: - Есек ең арам нәрсе ғой. Қазақта жоқ қой ол. Қазаққа болмайды. Мұсылманға жатпайды ол. - Ата-бабамыз «есектің күші – адал, сүті – арам» деп айтқан. Көрдіңіз ба, сол үшін есектің сүті мың жерден ауруға ем болса да оны ішуге болмайды. - Есекке қанша түсіндірсең де болмайды. Есек жауабын береді. Қазақ үшін барға саналса да, малға саналмаған жануардың сүтінен шипа іздегендердің бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Әсел. Асқазанындағы дертке дауа таппаған соң, көптің ұсынысы бойынша есектің сүтін ішкен. Сөзіне сенсек, қазір дертінен айыққан. "Есектің сүтін ішемін, соны ішіп асқазанымды емдедім. Алғашқы күндері ішім қатты ауырды.Сосын қойды. Шынымен есектің сүті ем дегенге сенемін. Ол - рас. Сенбейтіндер сенбей-ақ қойсын",-дейді шымкент қаласының тұрыны Әсел. Емші Төлетай Сатарбаев ауруына ем іздеп алдына келгендерді есектің сүтімен емдейді. Ол есек саусаң, еңбегің ақталады дейді. Айтуынша, есек сүтінде адам ағзасына қажетті 300 түрлі компонент бар. Керамид, фосфолипид деген таптырмайтын май қышқылдарын, міне, осы есектің сүтінен кездестіресіз – дейді. "Анализ жаман болып тұр ғой, бір ай, екі ай ішкіземін. Бір күні шикі қылып ішкіземін, екінші күн пісіріп. Больницаға барып анализ тапсыр дейді. Анализ тапсырған адам тап-таза дейді",- дейді емші Төлетай сатарбеков. Індет өршіп тұрғанда қымызды «қатты қымбаттап кетті» деп қиғылық салып едік. Оның өзі 1200 теңгеден аспаған. Енді келіп есек сүті 50 мың теңге дегенде түсіне алмай таңдандық. «Шипа» дейін десең, дәрігерлер мұнымен келіспейді. "Кофеин көп болады. 70%, 50%, 60% дейін кофеин болады. Бұл сүттер жас баланың асқазанында қорытылу қиын болады. Қорытылу қиын болғаннан кейін, ол дұрыс сіңбейді",- дейді медицина ғылымдарының докторы Абай Жанғабылов. Есектің сүтін ішуге қытайлар мен қазақтар ғана құмар емес. Ұзын құлақты жануардың сүтіне соңғы жылдары еуропалықтар да қызыға бастапты.