Басты жаңалықтар
"Үстімізге қайнаған су құятын: секс-құлдықта болған әйел көрген қорлығы мен қалай босап шыққанын айтты
- автор kyn.kz
- 11 мамыр, 2023
- 584
Әйел өзіне қорлық көрсеткендердің барлығы жазаланғанын айтты
Елімізде жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден астам дерек тіркеледі. Ер адамдарды ауыр жұмысқа жегіп, құл еткен. Ал қыздарды жөзекшелікпен айналысуға мәжбүрлеген, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі Астана арнасына сілтеме жасап. Құлдыққа түскен қыздар бірден көнбейді. Осылай таяқ жейді, түрлі азапты көреді. Амалдары таусылып, айтқанына көнеді. Кәдімгі тауар секілді сатып жібереді. Құнын төлегендер білгенін істеді. Жалпы елімізде адам саудасына қатысты жылына шамамен 100-ден астам қылмыс тіркеледі.
Құлдықтың құрбанына айналғандардың бірі - Айжан. Құрбысының танысы қыруар қаржы табуға болады деген сөзіне сенеді. Ұшаққа билет алып Бахрейнге барады. Табаны бейтаныс жерге тигенде өзінің 5 мың долларға сатылғанын біледі. Бірақ бәрі кеш еді. Тірі тауардай сатып алғандар жөзекшелікке мәжбүрлейді. Көнбегендерін әбден қинаған. "Мен бірден сеніп қалдым. Мені тауар секілді сатып жіберген болып тұр ғой. Жөзекше болып жұмыс істеуден бас тартсақ, ыстық сумен күйдіретін. Электршокерді пайдаланатын. Мұздай бассейінге лақтырып жіберетін. Жақындарым ұйымдамасын деп деп кофеде жұмыс істеймін деп алдадым. Ал елге келгесін бәрін полицияға айттым. Мені сатып жібергендер түгел ұсталды",-дейді құлдықта болған әйел. Адам саудасын кәсіпке айналдырғандар жылына шамамен 200 млрд доллар табыс табады. Құлдықтың қамытын кигендердің 70 проценті нәзік жандылар. Тұзаққа көбіне кімдер түседі? Әрине, тұрмысын тіктей алмай жүргендер, әлеуметтік жағдайы нашар жандар табыс табамын деп әлгілердің айтқанына сенеді. "Алаяқтық болсын, адам саудасы болсын бұл халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлаған кезде, тиісті органдарда сыбайластарының болуы арқылы жүзеге асады",-дейді заңгер Жандос Тұяқов. Бұл тек денсаулық, өмір сүру құқығы ғана емес, ар-намыс пен абырой мәселесі. Азап шекккендердің көбі арнайы орталықтарда ем қабылдап жатыр. Ондағы мамандар жәбірленушілердің қоғамға қайта бейімделіп кетуіне көмектеседі. Барлығы өмірден үлкен соққы алды. "Ең бірінші келген кезде жәбірленушілер қатты қысылып, жылап, көп уақытқа дейін өзінің жан дүниесін айта алмайды. Бірақ кейін біз түсіндіреміз, айту керек, біз сіздің жағдайыңызды білу керекпіз, жағдайды білмесек біз сізге қалай көмектесеміз деп. Олар ақырын-ақырын болған жағдайды айтады. Жарты сағатта өзін еркін ұстай бастайды. Кеңес береміз. Келесі кездесуде ол адам басқа болып келеді",-дейді "Қорғау" қоғамдық қорының психологы Кәмила Ермекқызы. Құзырлылар жаңа заң қабылдап, нақты әрекетке көшпек. Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Жазаны күшейту ғана емес, жәбір көргендерді әлеуметтік қолдау мәселесі де назарға алынбақ. "Адам саудасының құрбандарына алғашқы көмек ретінде оларды арнайы орталықтарына, оңалту орындарына жатқызылады. Сонымен қатар 30 айлық есептік көрсеткішінде өтемақы төленетін болады. Қазір бұл заң жобасы Парламентке енгізілді. Енді Парламент Мәжілісінде заң жобасы талқыланатын болады",-дейді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқарма бастығының орынбасары Әлібек Оразалы. Адам саудасы – жаһандық проблема. Әр адам әрекетке бармас бұрын түйсігімен ойланса, жауапкершілікті сезінсе, ақылмен шешсе. Қылмыскер ұсталар, жазасын алар. Бірақ қор болған өмірді ешкім қалыпқа келтірмейді.