Басты жаңалықтар
Ақтөбеде тасқында жұмыс істеген көлік жүргізушілері еңбекақысын ала алмай жүр
- автор kyn.kz
- 12 мамыр, 2023
- 321
Олар жұмыстарының біраз бөлігін көмек ретінде тегін деп отыр. Келісілген ақыны берсе болды дегендер оған қол жеткізе алмай жүр.
Ақтөбеде көктемгі тасқын кезінде жұмыс істеген 50-ден астам көлік жүргізушісі екі айдан бері ақшасын ала алмай жүр. Олар бір ай бойы техникасымен су сорғызу жұмысын атқарған, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
"Ақшамызды ала алмай жүрміз. Наурыздан сәуірге дейін жұмыс істедік. Еңбегімізді сұрап келіп тұрмыз. Мерекелер бітті. «Келесі апта, екіүш күн, әне келіңіздер, міне келіңіздер» – сылтаулары. Бізде де шаруа, несиелеріміз бар",- дейді көлік жүргізушісі Айдын Жайғарин.
Биыл күн күрт жылынып, қаланың біраз бөлігін су алған. Көлік жүргізушілері сондай қиын кезде күні-түні ұйқы көрмей жұмыс істеген. Еңбекақысын да бірден беруге шенеуніктер уәде еткен. Бірақ кейін ақша да жоқ, хабар да болмай қалыпты. Одан бөлек, ассенизатор жүргізушілері Қобда ауылына өз еркімен барып, су басқан аумаққа көмек берген.
Бірақ ол еңбегімізді сатпаймыз, қиын сәтте қобдалықтарға көрсеткен қолдауымыз деп отыр. Ақтөбе қаласындағы су сору жұмысын жүргізген екі Серіктестіктің бірімен әкімдік есептесіп қойыпты. Оларға 100 миллион теңгеге жуық қаржы төленген. Ал елу төрті өзіне тиесілі 70 миллион теңге шамасындағы қаржыны ала алмай жүр. Дегенмен олармен кездесуге шыққан әкімдік өкілі «мәселе жақында шешіледі» деп уәде берді.
"130-дан астам АС машинасы жұмылдырылды. Төлеміне байланысты келетін болсақ, алдыңғы аптада елу пайызына жуық төлем жасадық. Кеше сессиядан толық ақшамызды бөлді. Келесі аптада анықтамаға отырады. Келесі апта толық төлейміз",- дейді Ақтөбе ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.