Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстанда әуе билеттері қашан арзандайтыны айтылды

Қазақстанда әуе билеттері қашан арзандайтыны айтылды
ашық дереккөз
Қазақстан ішіндегі ұшу құны АҚШ пен Еуропадан да қымбат
Ішкі әуе рейстерінің құны АҚШ пен Еуропадан да қымбат. Екі есе бағаның есебін сұраған премьер-министр бүгін Үкіметке есеп беруге келген отандық әуе компания басшыларын әбден сынады, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасай отырып. Онымен қоса құны қызмет сапасына сәйкес емес. Ұшақтар сағаттап кешігеді, оның себебін түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Тек екі есе қымбат баға Авиация комитетінің басшысына оғаш көрінбейтін сыңайлы. Өмірің қымбат болса, әуе билетінен ақша үнемдеудің қажеті жоқ деп есептейді ол. Елдегі әуежайлардың да мүшкіл жағдайы бүгінгі жиында сөз болды. Ал оны жөндеуге тағы миллиартаған қаржы керек. Қазақстандықтардың әуе билетіне қатысты бір ғана сұрағы бар: неге қымбат? Бұл сұраққа бүгін премьер-министр де Үкіметке есеп беруге келген отандық әуе компаниялары президенттерінен жауап алуға тырысты. Ақталуға алдымен индустрия министрі кірісті. "Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндіріс қуаты авиаотынға деген қажетті өтемейді. Осыған байланысты отынды Ресейден импорттауға тура келеді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиаотын өндірісінің жыл сайынғы көлемін ұлғайту қажет. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді",- деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев. Одан қалды, ұшу жолақтары ескірген, әуежайларға жөндеу керек, кадр жетіспеушілігі тағы бар дейді министр. Әлихан Смайылов ұстағанның қолында кеткен әуежай қасындағы жердің бәрі қайтарылсын деген тапсырма берді. Қазір 19 миллион қазақстандықты ел іші мен шетелге тасып жүрген небәрі төрт әуе компания: Air Astana, Fly Arystan, Scat, Qazaq Air. Тек қай-қайсының да халықтың көңілінен шығып жүргені шамалы. Удай бағаға билет алып, ұша алмай қалған қаншама жолаушы бар. Бірақ әуе компанияларының басшылары өзіне шаң жуытқан жоқ. Тілшілерге жүре жауап берген Scat әуе компаниясы басшысының сөзінше, ұшақтың кешігуіне тіпті жолаушылардың өзі кінәлі екен. "Сіздер маған айтыңыздаршы, нақты қандай рейс кешікті? Үнемі болады дейсіз бе? Ол жәй жалпылама сөз. Біз жылына 97 пайыз ұшуды толық орындаймыз. Егер кешігіп жатсақ, біздің кінәміз емес. Бұған жолаушылардың өзі кінәлі. Олар кешіксе, сағаттап күтеміз. Енді ұшатын кезде, бармаймыз дейді. Сосын оның жүгін қайтарамыз деп уақыт жоғалтамыз",-деді Scat әуе компаниясының президенті Владимир Денисов. Мақтаулы Air Astana-ның да соңғы кезде басы даудан арылмайтын болған. Әу баста судай тегін көрінген локастері Fly Arystan-ның да қазір әр басқан қадамы ақылы. Тіркеудің өзін ақша төлеп өтесің. Бұл ретте, компания басшысы Питер Фостер де "билетті ерте алсаң – арзан" деген жаттанды жауабын берді. "Иә бізде билет 13 санатқа бөлініп сатылады. Демек кім сапарын ерте жоспарлайды, сол арзан билет алады. Мысалы, жұма кешке, әрине, билет қымбат болады. Сұраныс көп. Ондай жағдайда тасымалдаушы өзіне артық ақша алып қалғысы келеді. Бағаны біз қоймаймыз, ол нарыққа байланысты өзгеріп отырады. Air Astana мен Fly Arystan екі бөлек кетсе де, ол билет құнына өзгеріс әкеледі деп айта алмаймын", -деді Air Astana әуе компаниясының президеті Питер Фостер. Министр мен компания басшыларының айтқанынан түсінгеніміз: әуе билетінің құны әзір арзандамайды. Ал қысылған қарашаға ақшасына қарамай, ұшақпен ұшудан басқа амал жоқ. Оған әуежайдағы халықтың нөпірі дәлел. Қазір тіпті ескілерінің көбі тарлық етіп, жаңа терминал салу жоспарлануда. Былтыр әуе кемелері 11 миллион жолаушы тасымалдаған екен. Және бұл сан жыл сайын өсіп келеді. Қазақстанның ең үлкен, жаңа әуежайларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының да жағдайы мәз емес. Сырты жылтырап тұрғанымен, ұшып-қону жолақтары әбден ескірген дейді индустрия министрі. Ал оның жөндеу көрмегеніне 20 болған. Енді Астанадағы халықаралық әуежайды жөндеуге мемлекет 20 миллиард бөледі. Себебі, екі рет белгісіз себептермен кейінге қалған жөндеуді енді шегеруге болмайды дейді жауаптылар.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар