Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Балуан Шолақтың сүйіктісі Ғалиясына арнаған әннің шығу тарихы

Балуан Шолақтың сүйіктісі Ғалиясына арнаған әннің шығу тарихы
ашық дереккөз
Өлең жазу – бұл да ғылым. Ғылымның зергерлік, суреткерлік түрі. Нағыз шебер ғана сөзден көркем сурет салады. Оны көз алдыңа тұтастай елестетіп, ақын өзіндік ой толғамымен оқырмандарына ұсынады. Сондай тамаша туынды, елеулі әннің бірі - «Ғалия» әні. «Бес ғасыр жырлайды» атты жинаққа топ­тасқан атақты балуан, ақын, сазгер жырлары аз да болса көпшіліктің есінде. Кебеже түбіндегі құрт дәміндей құнарлы шумақтар елітеді. Соның ішінде Ғалияға арналған шумақтарының сарыны ерекше. «Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен, Оң қабағым тартады күлімдесең. Менің көңілім, Ғалия, дауалансын, Ауған түйе секілді бейімдесең. Айдың көзін, Ғалия, бұлыт алсын, Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың. Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, Қай қылығын қалқаның ұмытарсың?» Ғалия жайында академик-зерттеуші Ахмет Жұбанов деректер жинаған. Оның мәліметіне сүйенсек Ғалия қара сұрлау келген, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, он саусағынан өнер тамған шебер. Салт-жоралғы бойынша Ғалияны жастай Біржан дегенге атастырып, бойжеткен соң ұзатып жібереді. Алайда сүйіп қосылмағаннан кейін, дәм-тұздары жараспай Ғалия төркініне қайтып кетеді. Талдырмаш мүсін, сұлу әйел ақыры Балуан Шолақтың көзіне түсіп, оның жүрегін бірден жаулап алады. Бұрыңғы әйелінің бақытты болғанына  қарсы болса керек, Біржан қалың малын даулайды. Оны төлеуге Ғалияның әкесі Тілеудің жағдайы жоқ. Іс билер сотында қаралып, оқиғадан хабардар Балуан Шолақ не де болса мал тауып келу үшін Көкшетауға жол жүреді. Онда балуанды басқа тағдыр күтіп тұрған еді. Балуанды ұстап, түрмеге жабады. Ғалия болса, билер сотында Біржанды жеңіп, басына толық азаттық алады. Ал Шөкеңе жоғалған сексен өгіздің жаласына Семейден ұрланған бір топ жылқы қосылып, ісі қиындайды. Ғалия күтумен күндерін өткізеді. Оның үстіне сотта жеңілген жақтың қыспағынан не істерін білмей қиналып жүргенде «Шолақ пәлен жылға сотталып, жер аударылыпты» деген хабарды естиді. Бірақ бұл қарсы жақтың таратқан жалған мәліметі еді. Осылайша арада біраз уақыт өтеді. Балуан темір торға тоғытылады.  Абақтыда айдан-күннен жаңылған дара талант Ғалиясын сағынғанда  шығарған аңсарлы әнін шырқайды.  
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар