Басты жаңалықтар
"Қос қолдап қолдаймын": Таңатаров көп әйел алуға заңды түрде рұқсат берілуін сұрады
- автор kyn.kz
- 30 маусым, 2023
- 495
Әнші: Қаншама әйелдер "екі, үш баламен қалдым. Бізге қамқор боласыз ба?" деп жазады
Жақында ғана желіде жас әйелімен көзге түскен Досымжан Таңатаров "Ұйқым келмейді" бағдарламасында көп әйел алу тақырыбы бойынша өз ойын айтты. Сөзінше қазақтың санын көбейту үшін жағдайы бар азаматтар жесірлер мен жетімдерді екінші, үшінші әйелдікке алып, балаларын тәрбиелеп, өздерін материалдық тұрғыда қамтамасыз еткені дұрыс. Әнші мұны тығып, жасырып жүрместен, еркін, заңды түрде реттеуді қалайды екен, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі.
"Әрине. Қазақ әйелдері 20 миллион халықты көбейтудің жолын қарастыру керек деп ойлаймын. Елімізде екінші әйел алып, заңдастыра алмай жүрген жігіттер қанша? Менің бұл ойыма бүкіл әйел қарсы және ол - заңдылық.
Мұндайға он мың әйелдің бірі ғана келісуі мүмкін. Адам өзі жақсы көрген жарын біреуге қия салмайды ғой. Белгілі бір статистиканың нәтижесі деп айта алмаймын. Бірақ, екінші, үшінші әйел болып тұрмысқа шыққысы келетін, "Екі балам, үш балам бар, қиналып кеттім. Маған пана болатын еркек табыла ма" дейтін келіншектер туралы жігіттердің арасында әңгімелер болады. Біз елдің ортасында жүреміз, әлеуметтік желідегі парақшамызға да хат жолдайтын қанша келіншектер бар. Оны жариялай бермейсің. Бірақ сондай жағдайлар көп.
Осындай жағдаймен екінші әйел алған қанша ер адам бар. Сол отбасы аяқтанып кетсін деп көмек жасаған жігіттерді де білеміз. Мен тоқал алайын не алмайын, бірақ екінші әйел алған адамды қос қолдап құптаймын. Тоқалды жария түрде алған адам - жігіттің жігіті. Оған рұқсат берген әйелі де мықты. Бірақ әйелің қарсы болып, ажырасып кететіндей жағдайға жетсең, онда қажеті жоқ. Егер өзіңнің әйелің бала-шағамен жесір қалатын болса, басқа әйелді жарылқағаннан не пайда", - деді Досымжан Таңатаров.