Басты жаңалықтар
«Әскери құрылыс» басшысы туыстарымен бірге 600 млн теңге жымқырған
- автор kyn.kz
- 12 шілде, 2023
- 258
600 миллион теңге залал келтірген. «Әскери құрылыс» акционерлік қоғамның экс-президенті мен оның туыстарына бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Енді 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Жалғыз акционері Қорғаныс министрлігі болып табылатын компанияның бұрынғы басшысы бауыры мен немере інілерімен бірлесіп, мемлекет ақшасын жымқырған делінеді Аниктордың мәліметінде.
Атап айтқанда, Ерлан Тәжіденовтың туған ағасы мен жиені, сондай-ақ оның қарамағындағы «Әскери құрылыс» компаниясының қызметкерлері бар. Тергеуді жүргізген агенттіктің мәліметінше, олар еншілес компаниялармен жалған шарттар жасасып, ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған. Аталмыш компанияның былығы жетерлік.
Нақтырақ, акционерлік қоғамның еншілес «Әскери құрылыс Астана» компаниясына қатысты талай мәрте шу шыққан. 2 жыл бұрын қызметкерлері, яғни еден жуып, аула сыпыратындар жалақыларын ала алмай, кеңсесіне басып кірген еді. Былтыр да осы серіктестіктің тапсырысын жасаған мердігер компаниялар да тиісті төлемдерін ала алмай жаппай наразылықтарын білдірді.
"Олар тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, өтеусіз қаржылық көмек көрсетуге үлестес компаниялармен жалған шарттар жасасу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді. Залалдың жалпы сомасы 596 млн теңгені құрайды. Оны өтеу мақсатында қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды. Қазіргі уақытта айыпталушылар сотқа берілді",-делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жазған хатта.