"Күдікті қамауға алынды": Әсел Асқарды ұрған азаматқа қатысты тың деректер айтылды
- автор kyn.kz
- 17 тамыз, 2023
- 7.9k
Бұған дейін қазақстандық блогер Әсел Асқар фитнес-клубта өзіне ер адамның қол көтергенін айтқан еді. Белгілі болғандай оны ұрды деп күдікке ілінген адам 15 тәулікке қамауға алынған. Бұл туралы Алматы қалалық сотының ресми сайтында хабарланды, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық фактісі бойынша М. есімді азаматқа қатысты әкімшілік іс қаралған (ӘҚБтК-нің 434 бабының 1 бөлігі).
"Сот биылғы жылдың тамыз айында қаладағы фитнес клубта азамат М. жанжал шығарып, сондағы А. есімді клиентке құрметсіздік танытып, балағат сөздер айтқанын, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғанын анықтады. Сот отырысында М. іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өз кінәсін мойындады", – делінген хабарламада.
Осылайша, сот қаулысымен М. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Еске сала кетейік, бұған дейін блогер Әсел Асқар Алматыдағы фитнес-клубтардың бірінде ер адам өзін балағаттап, бетінен ұрғанын айтқан еді.