Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Суға кеткен 11 адам оқиғасын көргендер қайғылы жағдайдың қалай болғанын айтып берді

Суға кеткен 11 адам оқиғасын көргендер қайғылы жағдайдың қалай болғанын айтып берді
ТЖМ
Құтқарыңдар деп жан дауысы шыққандарды балықшылар мен сол маңда жүргендер естіп, дереу келген

21 тамызда Түркістан облысындағы Сырдария өзенінде оқыс оқиға болып, бір әулеттің 11 адамы (оның тоғызы - бала) суға батып кеткен еді. Қайғылы оқиға туралы жергілікті тұрғындар айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап

. Телеарна мәліметінше, оқыс оқиға кеше кешкі сағат бес шамасында Сырдария өзенінде болған. Құдалыққа жиналған әулет тойдың ертесіне суға түсуге дәрияға барады. 20 адамның тең жартысы кәмелетке де толмаған балалар екен. Демалып жатқан кезде балалардың бірі суға тұншығып, оны құтқаруға ересектер ұмтылғанда, қалған балақайлар суға артынан секірген.

"Бірінші сол үйдің бір баласы суға түсті деді. Кішкентай емес, 10-сыныпты бітіріп қойған сияқты. Содан соны құтқарам деп анасы кеткен. Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген дейді ғой. Құтқарам деп кеткені шығар, басқа не болады. Бір үйден бесеуі кетті, анасымен қосқанда. Бір үйден үшеу кетті. Бәрі бір атаның балалары ғой. Бір атадан төрт бала болса, соның ұл-қыздары ғой, немерелері", - дейді Көксарай ауылының тұрғыны Мұсабек Сарымбет.

Тілшілер мәлім еткендей, суға кетіп жатқандардың "құтқарыңдар" деп шырылдаған дауысын жақын маңда балық аулап отырғандар мен іргедегі жолмен кетіп бара жатқан жұрт естіп көмекке келген. Әйтпесе суға 20 адамның бәрі түгел кетуі де мүмкін еді, дейді ауыл тұрғындары.

"Осы жағада су терең. Сол жағадан шығардық. Шамамен бір-бір жарым метрден келетін су ғой. Ары қарай терең. Өзіміз шықтық, қолымыздан тартып бір-бірімізге көмектестік", - деп жуап берген екінші тұрғын.

Телеарна дерегінше, оқиға орнынан бастап төрт шақырым өзен іші мен жағасын сүзіп, іздестіріп жатыр. Оған мотор қайықтар, 150 құтқарушы мен полицей тартылып, тіпті дрондар тартылған. Кешелі бері тынбай су ішін тінтіп жүрген сүңгуірлер үш денені судан алып шыққан.

"Біздің сүңгуірлер тек қолымен сипап, жер тырмалап, сол кезде үстінен түсіп қала ма деп іздеп жатыр. Басқа көрініс жоқ, көзге жөнді көрінбейді. 1350 шаршы метр жерді қарап шықтық", - деді Түркістан облысы ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Мұрат Қамбаров.

Телеарна мәліметінше, Сырдарияның суы тартылғанымен, қазір іздеп жатқан тереңдік 3-5 метр екен. Суға кеткен 11 адамның екеуі әлі іздестіріліп жатыр. 10 жастағы қыз бен 12 жастағы ұлды тәулік бойы іздеп жатқан құтқарушылар қиындықтың көп екенін айтады. "Жағалауында тұрған ағаштар да су шайып, соның кесірінен, сүңгуірлердің айтуынша, су астында жатқан ағаш көп. Кедергі келтіріп жатыр. Сондықтан бұл жерде ағысы да өзгеруде. Судың беткі қабаты осылай ағып жатқанымен, астыңғы қабатының ағысы бөлектеу" - дейді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Судан аман қалған 49 жастағы әйел мен 9 және 8 жасар балақай Отырар ауданының ауруханасында емделіп жатыр. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дегенмен, қатты стресс алғанын айтты. 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар